АҚШ-тың экс-президенті «Еуропа Киевті АҚШ-қа қарағанда көбірек қолдауы керек» деп мәлімдеді
Қараша айында өтетін сайлауда республикалық партияның кандидаты ретінде тағы да бағын сынамақ болып жүрген АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп «Украинаның тығырықтан шығып, мықты ел болуы» америкалықтар үшін де маңызды екенін, алайда Америка Құрама штаттарына қарағанда Еуропа Украинаға анағұрлым көбірек қолдау көрсетуі керек деп санайтынын жеткізді. Бұл туралы Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі DW агенттігіне сілтеме жасап.
«Біз бәріміз келісеміз, Украинаның ел ретінде сақталуы, мықты болуы Еуропа үшін бізден (АҚШ-тан - ред.) гөрі маңызды болуы керек, бірақ бұл біз үшін де маңызды», - деп жазды Трамп. «Америка Құрама Штаттары Украинадағы соғысқа Еуропадан 100 миллиард долларға көп ақша жұмсайды, бірақ біздің арамызды мұхит бөліп тұр».
Соңғы апталарда бақылаушылар Вашингтонның оқ-дәрілері мен әскери көмегінің жетіспеуіне байланысты Украина армиясы тап болған қиын жағдайға бірнеше рет назар аударды. 17 сәуірде АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон Украина, Израиль және Тайваньға Жаңа көмек туралы бөлек заң жобаларын ұсынды. Осы бойынша дауыс беру 20 сәуірде өтеді деп күтілуде.