АҚШ президенті ұлының қашан қайтыс болғанын есіне түсіре алмады деген пікірді жоққа шығарды.
АҚШ президенті Джо Байден бейсенбі күні кешкісін Ақ үйде жоспардан тыс брифинг өткізді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
«Менің ақылым орнында, жадым жақсы», - деді Байден брифингте журналистерге.
АҚШ президенті ұлының қашан қайтыс болғанын есіне түсіре алмады деген пікірді жоққа шығарды.
«Ол бұл сұрақты қозғауға қалай батылы барады?» - деді Байден арнайы прокурор Роберт Хурдың «Байден есте сақтау қабілеті нашар қарт адам» деген сөзіне ренжіп.
АҚШ Әділет министрлігі үйде құпия құжаттарды сақтаған ережелерді бұза отырып, АҚШ президенті Джо Байденге айып тағылмайтынын мәлімдеді.
«Біз бұл істе қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз жоқ деген қорытындыға келдік», - деді Роберт Хур мәлімдемесінде.
Сауалнамалар Байденнің жасы қарашадағы президенттік сайлау қарсаңында америкалық сайлаушыларды алаңдататынын байқатқан.
«Менің ниетім түзу. Иә, мен қартпын. Бірақ мен не істеп жатқанымды білемін. Мен бұл елді аяққа тұрғыздым. Маған оның ұсыныстары қажет емес», - деді Джо Байден арнайы прокурор туралы.
Өз үйінде құпия құжаттарды сақтау жауапкершілігін мойындайды ма деген сұраққа ол қызметкерлерін кінәлады. Оның айтуынша, Байден олардың гаражына құпия жазбалар қойғанын білмеген. Ал арнайы прокурордың сөзінше, құпия құжат ит жататын жердің жанында сақталған.
ВВС тілшісі Ақ үйдің дипломатиялық қабылдау залындағы брифингтің атмосферасы күрделі болғанын хабарлады.
Тілшілердің бірінің Америка халқы ел президентінің егде жаста болғанына алаңдайтыны туралы пікірін айтқанда Байден:
«Бұл сіздің пікіріңіз, бұл сіздің пікіріңіз», - деп жауап берді.
Айта кетсек, құпия құжаттар өткен жылдың қаңтарында Байденнің Делавэрдегі үйін тінту кезінде табылған. Құжаттың кейбірі Байден сенатор болған кезеңге, тағы кейбірі оның вице-президент болған уақытына қатысты болған. Табылғаннан кейін құпия құжаттар Ұлттық мұрағат пен Әділет министрлігіне тапсырылған.
Тергеу барысында Байденнің өзін қосқанда 147 куәгермен 173 рет әңгіме жүргізілген. Оның ресми жауап алуы қазан айында болған.
Баяндамада арнайы прокурордың кеңсесі әңгімелесу кезінде Джо Байденнің жадында «айтарлықтай мәселе» болғанын атап өтті. Атап айтқанда, жауап алу кезінде президент вице-президент болған кезін есіне түсіре алмаған. Ал жауап алудың екінші күні – оның осы лауазымдағы өкілеттік мерзімі қашан басталғанын айта алмаған. Сонымен қатар баяндамада көрсетілгендей, ұлы Боның қайтыс болған уақыты да Байденнің есінде болмаған.
Әділет министрлігінің 345 беттік есебінде: «Джо Байденнің әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді. Бірақ мұны қылмыстық жауапкершілікке тарту ақылға қонымды шара емес» делінген.
Джо Байден бұдан кейін «мәселе жабық» деп мәлімдеген. Дональд Трамптың өкілдері арнайы прокурордың бұл шешімін қатты сынға алған болатын.
«Егер оның жадында «айтарлықтай шектеулер» болса, оның елімізді басқару қабілетіне қалай сене аламыз?» - деп жазды Трамптың өкілі Каролин Ливитт Х әлеуметтік желісінде.