Бір күндік соғыс: қақтығыстың басталуы, қаза тапқандардың саны, Қарабақ халқының алдағы тағдыры
Таулы Қарабақтағы бір тәулікке жалғасқан соғыс Әзербайжанның жеңісімен аяқталды. Кезекті қанды қақтығыстың себептері қандай? Таулы Қарабақ тұрғындарын не күтіп тұр? Sarbaz.kz тілшісі анықтап көрді.
Мыңдаған адамды ажал құштырған Таулы Қарабақтағы әскери текетірес отыз бес жыл бұрын басталды. Даулы жағдай бейбіт келіссөздердің нәтижесінде әлсін-әлсін тоқтағандай көрінгенмен, осы күнге дейін саябырсыған емес.
1991 жылдың 30 тамызында Әзербайжан Республикасы тәуелсіздігін қалпына келтіру туралы декларация қабылданды. Декларацияда Таулы Қарабақ Республика құрамында қалатыны көрсетілді. Алайда 1991 жылдың 2 қыркүйегінде Степанкертте автономиялы облыстың тәуелсіз мемлекет екені жарияланды. Осыдан соң жер үшін талас барған сайын қарқын алып, Әзербайжан, Таулы Қарабақ және Армения арасында үш жылға жалғасқан соғыс басталды. Бұл қақтығыста Армения қатысушы, ал негізгі қарсыластар – Әзербайжан мен Таулы Қарабақ болатын. Сондықтан екі тарап арасында 1994 жылдың 12 мамырында өзара түсіністік орнады, Бірақ бейбіт шешімге қол жеткізу ұзақ уақытты талап етіп, жағдай жыл сайын ушыға түсті. Салдарынан қарулы әскери қақтығыстар қайталана берді.
2022 жылы Баку мен Ереван қақтығысты түпкілікті шешу мақсатында келіссөзге кірісті. Әзербайжан Қарабақтың қалған бөлігін толық бақылауға аламыз деп талап қойды. Армения премьер-министрі Никол Пашинян талапты қабылдауға дайын екенін білдірді. Бастапқыда келіссөздердің нәтижесінде талайдан жыр болған жер дауы шешілгендей көрінді. Бірақ Әзербайжанның талабына Таулы Қарабақты бақылауда ұстап отырған жікшілдер оңайлықпен көнбеді. Әзербайжан Арменияның ымыраға келмей жатқанын алға тартып, келіссөздердің баяу жүріп жатқанына наразылық танытты.
2023 жылдың 19 қыркүйегінде Әзербайжанның Қорғаныс министрлігі конституциялық құрылысты қалпына келтіру мақсатында Қарабақта терроризмге қарсы аймақтық іс-шаралардың басталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Әзербайжан армиясы тек қана әскери нысандарға соққы беретінін атап өтті.
«Үшжақты мәлімдеменің ережелерін ұстану, Қарабақ экономикалық ауданында кең ауқымды арандатушылықтардың жолын кесу, қарусыздану және Армения Қарулы Күштерінің құрамаларын біздің аумақтардан шығару, олардың әскери инфрақұрылымын бейтараптандыру, бейбіт халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде аймақтық сипаттағы терроризмге қарсы іс-шаралар басталды», - делінген хабарламада.
Сол күні таңертең Әзербайжанның Бас прокуратурасы, ІІМ және Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі таулы Қарабақта миналар жарылған кезде төрт әзербайжан полициясы қаза тапқаны жайында бірлескен мәлімдеме жасады. Әзербайжанның айтуынша, полицейлер терроризм әрекеті болған жерге бара жатқан. Таулы Қарабақтың әскері Бакудың бұл мәлімдемелерін жоққа шығарып, «Әзербайжан жалған ақпарат таратып, әскери шабуылға сылтау іздеп тапты» деді.
Осыдан соң атыс күні бойы тоқтаған жоқ, Степанакерт тұрғындары бомбадан жасырынатын жер іздеуге мәжбүр болды. Таулы Қарабақ омбудсменінің айтуынша, 27 адам қаза тауып, 200-ден астам адам жарақат алды.
Қақтығыстың күшеюіне байланысты премьер-министр Пашинянның саясатына қарсы тұру және одан Таулы Қарабахтың айналасындағы жағдайға араласуды талап ету үшін Үкімет ғимаратының жанына жүздеген адам жиналды. Демонстранттар үкіметке қарсы ұрандар айтып, ғимаратқа кіруге тырысты. Полиция наразылық білдірушілерге күш қолданды. Салдарынан бірнеше адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
20 қыркүйекте танылмаған республиканың билігі Ресей бітімгерлерінің делдалдығымен Бакумен атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізгенін жариялады. Келісім бойынша армян ұлтының өкілдерінен тұратын Таулы Қарабақтағы жікшілдер билігі қарулы күштерін таратып, қаруын тапсырды.
Күні кеше Әзербайжанның Евлах қаласында Бакудегі орталық үкімет пен Таулы Қарабақтағы жікшілдер арасында жабық форматта келіссөз басталды. Баку Әзербайжан Конституциясы негізінде Қарабақ армяндарынының азаматтығын қалпына келтіруді ұсынды. Оған дейін Әзербайжан президентінің көмекшісі Хикмет Гаджиев үкімет аймақ тұрғындарын әлеуметтік-экономикалық интеграциялау жоспарын дайындағанын айтты. Ол сондай-ақ Әзербайжанға Қарабақтағы заңсыз армян құрылымдарының толық қарусыздануына кепілдік берілгенін атап өтті.