Жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 300-ге жуықтады
Мароккода 6,9 балдық жер сілкінісі болды. Бұл жайында Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) сайтында жазылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Төтенше жағдай 8 қыркүйекте сағат 23:11-де болған. Жер сілкінісінің ошағы 839 мың адам тұратын Марракеш қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 77 шақырым жерде орналасқан. Ошақ 10 шақырым тереңдікте болған. Al Arabiya агенттігінің хабарлауынша, табиғи апат салдарынан кем дегенде 93 адам қаза тапқан.
Кейін Мароккода жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 300-ге жуықтағаны анықталды. Бұл ТАСС агенттігі мәлімдеді. Агенттіктің мәліметінше, Эль-Хауз, Марракеш, Уарзазат, Азилал, Чичауа және Тарудант провинциялары мен префектураларында кем дегенде 296 адам қаза тапқан. 153 ауыр жарақат алғаны туралы ақпарат расталды. Олар ауруханаға жеткізілген.
Сондай-ақ бұған дейін 2 қыркүйекте сейсмологтар Курил аралдарының жағалауында магнитудасы 5,8 болатын жер сілкінісін тіркеді. Жерасты дүмпуінен ешкім зардап шекпеді.