Билік олардың мигранттар болуы мүмкін екенін хабарлады
Грекияның солтүстігінде орман өрті өршіп тұр. Өрт салдарынан шалғай ауылдан 18 адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Грекияның өрт сөндіру қызметі өртте қаза тапқандардың заңсыз мигранттар болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Олар осындай қорытындыға келген, себебі бұл маңайда жергілікті тұрғындардың із-түзсіз жоғалып кеткені туралы хабар түспеген.
Елдің солтүстігіндегі Еврос префектурасы Түркияның шекарасына іргелес және ЕО-ға кіруге ұмтылған мигранттар арасында танымал бағыт болып саналады.
Мәйіттер Александруполидің солтүстігіндегі «Дадья-Лефкими-Суфлион» ұлттық орман саябағында табылды, онда өрт 19 тамыз күні таңертең басталып, аумаққа жылдам тараған.
Расталмаған мәліметтер бойынша, қаза тапқандар екі бөлек топта жатыр, ал билік құрбандардың нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін деп отыр.
Грекияның кейбір БАҚ беттері қазірдің өзінде 26 адам қайтыс болғанын хабарлады, дегенмен әзірге ресми мәлімдеме берілген жоқ.
Ауа райының күрт ысуы Грекияның өрт сөндіру бөліміне ерекше қиындық тудырып отыр. Өрт сөндіру бөлімінің өкілі Яннис Артофис 1 мамырдан бастап қазіргі уақытқа дейін Афина маңындағы Аспропиргос қаласының маңында 472 өрт болғанын айтты.