Нью-Йорктегі БҰҰ-ның бас штаб-пәтерінің ғимарат кешені туралы қызықты деректерді ұсынамыз
Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының бас штаб-пәтерінің ғимарат кешені – БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығына тиесілі халықаралық территория. Ғимарат ішінде Қазақстанға қатысты бұрыш бар. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі KazUnite халықаралық порталына сілтеме жасап хабарлайды.
БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтері ғимарат кешенінде Әлемдегі қару-жарақ, қауіпсіздік құралдары мен полигондар тақырыбындағы зал бар. Сол залда Семей полигоны тақырыбындағы бұрыш қарастырылған.
Жалпы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевада (Швейцария), Венада (Аустрия), Найробиде (Кения) бөлімшелері бар. Алайда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің негізгі жиындары Нью-Йорктегі бас штаб-пәтерде өтіп, негізгі шешімдер де осында қабылданады.
Нью-Йорктегі БҰҰ бас штаб-пәтерінің ғимараты Манхэттеннің шығыс жақ бөлігінде 42 және 48-көшелер мен Бірінші авенью және Шығыс өзені ортасында орналасқан. Аумағы – 73 мың шаршы метр. Халықаралық территория болғанмен, АҚШ пен БҰҰ келісімшарты бойынша бұл аудан заңды тұрғыда АҚШ-қа тиесілі саналады. Жалпы ғимарат 39 қабаттан тұрады. Биіктігі – 153,9 метр. Әйнек, болат құрыш, арматураланған бетон материалдарынан салынған.
БҰҰ ғимаратының ішіне кірген кезде Мандела Нельсонның мүсіні қарсы алады.
БҰҰ Бас Ассамблеяның көк, жасыл және алтын залы бар. Ассамблея төрт қабаттан тұрады. Әр залда БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері үстелдерде спикердің көтерілген трибунасы мен подиумға қарап отырады. Акт залы 193 делегацияны қабылдайды. Әр делегацияның алты орны бар. Үшеуі толыққанды делегаттарға арналған үстелдерде, ал үшеуі олардың орынбасарларына арналған.
БҰҰ Бас Ассамблеясының күн тәртібінде 170 мәселе бар. Сол 170 тақырып бойынша осы залда күнде әртүрлі жиындар өтеді. Дәл осы БҰҰ Бас Ассамблеясының үлкен залында әлемдегі шиеленістерге қатысты БҰҰ ұстанымы айқындалады.
Нью-Йорктегі БҰҰ ғимаратының құрылысы 1948 жылдың 14 қыркүйегінде басталып, 1952 жылдың 9 қазанында аяқталған. Архитекторлары: Гаррисон, Ле Корбюзье, Нимейер және т.б.
Әлемдегі үш ел БҰҰ-ға мүше бола алмады. Олар – Тайвань, Косово және Ватикан. БҰҰ Тайвань мен Косовоны егемен ел деп санамады.
Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ғимараты орналасқан жерді 1946 жылы америкалық кәсіпкер Джон Д.Рокфеллер сыйға тартқан.
Ол уақытта Рокфеллер отбасы Зекендорф учаскесінен бірінші Авеню арқылы Тюдор-Сити стиліндегі пәтерлерге ие болатын. Қала өз кезегінде жерді тазартуға 5 миллион доллар (2020 жылы 44 миллион доллар) жұмсаған. 1946 жылы желтоқсанда БҰҰ-ға бұл жерін сыйға тартқаннан кейін сол аймақтағы Рокфеллердің барлық жерінің, үйлерінің, ғимараттарының бағасы аспандады, бизнес иесіне үлкен табыс әкелді.
Чернобыль апатына арналған мына суретті БҰҰ-ға Беларусь сыйлаған.
Айта кетсек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2011-2013 жылдары БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры қызметін атқарған болатын.
Жалпы, БҰҰ 1945 жылдың 24 қазанында құрылған. Бірақ ол кезде жеке ғимараты болмаған. Ұйымның Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің алғашқы жиындары Лондон қаласында өткен. Жиынға қатысқан мүше мемлекеттер өкілдері Ұйымның тұрақты ғимараты болуы керек деп санаған соң оның Нью-Йорк қаласының маңында орналасуы туралы шешім 1946 жылдың 14 ақпанында қабылданған. Кейбір дереккөзге сүйенсек, штаб-пәтердің Нью-Йоркте орналасуына Франция, Ұлыбритания және Нидерланд қарсы дауыс берген. Мысалы, Канада Нэви, Онтарио аралын ұсынған. Бұл – екі елдің шекарасына жақын аумақ. Осы жердің кандидатурасын қолдағандар аз болмапты. Дегенмен соңғы шешім бойынша Нью-Йорк қаласы бекітілген.
Әлі күнге дейін бұл шешімді әділетсіздік деп санап, штаб-пәтерді ыңғайлы орынға көшіру туралы мінбелерде даулап жүрген саясаткерлер қазір де бар.