АҚШ пен Украина қауіпсіздік туралы 10 жылдық келісім жасады

Президенттер Джо Байден мен Владимир Зеленский қол қойған қауіпсіздік келісімі Украинаның НАТО-ға мүшелікке кіруге «көпір» ретінде қарастырылады

Нұрдәулет Кәкіш
14/06/2024 - 09:02

Фото: Kevin Lamarque/REUTERS

Фото: Kevin Lamarque/REUTERS

АҚШ пен Украина президенттері Джо Байден мен Владимир Зеленский Италияда өткен G7 саммиті барысында 10 жыл мерзімге екіжақты қауіпсіздік келісіміне қол қойды. Мәтінде Reuters агенттігі келтірген құжатта айтылғандай, тараптар оны Украинаның НАТО-ға мүше болу жолындағы «көпір» ретінде қарастырады, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі DW газетіне сілтеме жасап.

«Екі тарап Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оған НАТО стандарттарына сәйкес келетін айтарлықтай әскери күштер, сенімді мүмкіндіктер және оның қорғаныс-өнеркәсіптік базасына тұрақты инвестициялар қажет екенін мәлімдейді», – делінген келісімде.

Онда АҚШ Украинаға ұзақ мерзімді материалдық көмек, сондай-ақ «оқу, кеңес беру, барлау, күзет, қорғаныс-өнеркәсіптік, институционалдық» және басқа да қолдау көрсетуге ниетті екендігі атап өтілген.

«Украинаға қарулы шабуыл немесе қауіп төнген жағдайда АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктері украиналық әріптестерімен 24 сағат ішінде кездесіп, елдің әрі қарайғы қадамдары мен қорғаныс қажеттіліктерін анықтайды», – делінген құжатта.

Бұл ретте келісім АҚШ тарапынан Украинаны қорғау үшін америкалық әскерилерді пайдалану жөніндегі міндеттемелерді қамтымайды. Ол сондай-ақ Вашингтонның Киев алдындағы қаржылық міндеттемелерін қамтымайды.

Украина мен басқа елдер арасындағы қауіпсіздік туралы келісімдер

G7 саммитінде Украинамен он жылдық қауіпсіздік келісімін Жапония да жасады. Зеленскийдің айтуынша, Токио 2024 жылы Киевке 4,5 миллиард доллар көмек көрсетеді және келісімнің бүкіл мерзімі ішінде Украинаны қолдауды жалғастырады.

«Бұл қауіпсіздік пен қорғаныс, гуманитарлық көмек, техникалық және қаржылық ынтымақтастық туралы», – деп жазды Украина президенті Х әлеуметтік желісінде.

Өткен айларда Украина әлемнің оннан астам елімен осындай қауіпсіздік келісімдеріне қол қойды. Олардың ішінде: Германия, Ұлыбритания, Франция, Канада, Италия, Нидерланды, Испания және басқалары бар.

G7 саммиті Италияда 13-15 маусым аралығында өтеді. Саммит барысында Украинаға қаржылық көмек туралы келісімдерге қол жеткізілді. «Үлкен жетілік» елдерінің барлығы батыс елдерінде қатып қалған ресейлік активтерден түсетін кірісті кепіл ретінде пайдалана отырып, жыл соңына дейін Украинаға жалпы сомасы 50 миллиард доллар несие беруге дайын екендігін растады.

×

Редакция

$ 490.84  536.88  5.04