Украина мен АҚШ қауіпсіздік туралы келісімге қол қояды

Екі ел президенттері 13 маусымда Италияда «Үлкен жетілік» елдері басшыларының кездесуінде қауіпсіздік туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр

Нұрдәулет Кәкіш
13/06/2024 - 16:34

Фото: Chip Somodevilla / Getty Images

Фото: Chip Somodevilla / Getty Images

АҚШ пен Украина президенттері Джо Байден мен Владимир Зеленский 13 маусым, бейсенбіде Италиядағы «Үлкен жетілік» елдері көшбасшыларының кездесуі аясында қауіпсіздік туралы келісімге қол қояды. Бұл туралы Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан журналистер алдында мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі DW газетіне сілтеме жасап.

Салливанның айтуынша, келісім аясында АҚШ Украинаны ұзақ мерзімге қолдауға міндеттеледі деген болжам бар.

«Осы келісімге қол қою арқылы біз Ресейге өз шешіміміз туралы белгі береміз. Егер Владимир Путин Украинаны қолдайтын коалицияны жеңе аламын деп ойласа, ол қателеседі», – деп қосты ол.

Сонымен қатар Салливан келісімге «Украинаның реформалар жөніндегі міндеттемелері» және Америка Құрама Штаттарының өздері жеткізетін қару-жарақтың түпкілікті пайдаланылуына мониторинг жүргізу мүмкіндігі енгізілетінін атап өтті.

CNN дереккөздерге сілтеме жасап, құжатта АҚШ тарапынан «Украинаның қорғанысын қолдау бойынша белгілі бір ақшалай міндеттеме» көрсетілмегенін хабарлады. Алайда ол Вашингтонды 10 жыл бойы әскери әуе күштерін оқытуды жалғастыруға, Киевпен қару-жарақ пен әскери техника өндірісінде ынтымақтасуға, әскери көмек көрсетуге және «барлау алмасуын кеңейтуге» міндеттейді. CNN келісімді Америка Құрама Штаттарының Болашақтағы президенттік әкімшіліктері бұзуы мүмкін екенін де атап өтті.

Өткен айларда Киев әлемнің оннан астам елімен осындай қауіпсіздік келісімдеріне қол қойды. Олардың қатарында Германия, Ұлыбритания, Франция, Канада, Италия, Нидерланды, Испания және басқа да елдер бар.

Елуінше «Үлкен жетілік» саммиті 13 маусымда итальяндық Апулияда ашылады. Саммит барысында «Жетілік топ» елдерінің басшылары Ресейге қарсы соғыста Украинаны қолдауды, энергетикалық және экономикалық қауіпсіздікті, көші-қон мәселелерін, Қытаймен қарым-қатынасты және Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдарды талқылайды.

Бұған дейін G7 елдері Ресейдің бұғатталған активтері есебінен Украинаға 50 миллиард доллар бөлуге келіскенін жазған болатынбыз.

×

Редакция

$ 490.84  536.88  5.04