Ескерту оғынан кейін Солтүстік Корея әскері КХДР жағына шегінді
КХДР сарбаздары екі Корея шекарасынан өтіп кеткеннен кейін Оңтүстік Корея әскерилері ескерту ретінде оқ атты. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Оңтүстік Кореяның Yonhap ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Солтүстік Корея әскери қызметшілерінің тобы 9 маусымда жергілікті уақыт бойынша сағат 12.30 шамасында шекараның орталық бөлігінде екі Кореяны бөлетін демилитаризацияланған аймақ шегінде демаркациялық сызықты кесіп өткені көрсетілген.
Дауыс зорайтқыш арқылы ескертуден және ескерту оқтарынан кейін Солтүстік Корея әскері шекара жағына қайтып оралды. Біріккен штаб бастықтары комитетінің мәліметінше, одан кейін аса белсенділік болған жоқ.
Бұған дейін, 9 маусымда Оңтүстік Корея президентінің әкімшілігі елдің Солтүстік Корея шекарасында орнатылған дауыс зорайтқыштар арқылы хабар таратуды жалғастыратынын хабарлады. Осылайша, КХДР шекаралас аудандарының тұрғындары Солтүстік Корея цензурасының бақылауынан тыс жаңалықтар мен басқа да хабарларды ести алады.
Сеул бұл шешімді КХДР-дың «қоқыс шабуылдарына» жауап екенін білдірді. Мамыр айының соңынан бастап Солтүстік Корея Оңтүстікке қарай 1000-нан астам әуе шарын ұшырған. Әуе шарына қоқыс толы сөмкелер, дәретхана қағазы, пластикалық бөтелкелер, батареялар, аяқ киім бөлшектері мен көң салынған.
Пхеньян мұндай шарларды ұшыру Оңтүстік Кореяның алдыңғы акцияларына жауап деп санайды. Оның алдында Оңтүстік Корея Ким Чен Ын режимімен күресуге шақырған парақшалар, сондай-ақ КХДР-да тыйым салынған фильмдер мен поп-музыкасы бар флэш-дискілер мен долларлық банкноттар жіберген болатын.