Билік қаладағы барлық билбордты өшірді
Сенбі күні Бағдадтағы қарбалас қиылыстағы үлкен экран кенеттен жарнаманың орнына порно фильм көрсете бастады. Билік қаладағы барлық электронды билбордты уақытша өшірді, деп хабарлайды Sarbaz.kz BBC агенттігіне сілтеме жасап.
Ирактың астанасы үшін ерекше жағдайдағы бейнелер мен фотосуреттер әлеуметтік желілерге тез тарады.
Күдіктіні тұтқындаған полиция оның Бағдадтағы электронды билбордтарды басқаратын фирманың техникалық қызметкері екенін мәлімдеді.
Полицияның мәліметінше, ол осы фирмамен қаржылық дау-дамайға тап болып, кек алу үшін жарнаманың орнына порноны экранға шығарған.
AFP хабарлағандай, қауіпсіздік қызметкерлері келіп, кабельді кесіп тастағанға дейін көшедегі үлкен экранда порно бірнеше минут бойы көрсетілген.
Осыған байланысты жексенбі күні Бағдад билігі барлық электронды билбордты өшіру туралы шешім қабылдады.
Агенттіктің хабарлауынша, билбордтар мамандар мұндай оқиғалардан қалай сақтандыруға болатынын анықтағанға дейін өшіріледі.