Politico: F-16 ұшқыштарын даярлау қарқынына Украинаның көңілі толмайды

Украина билігі өздерінің ұшқыштарын F-16 истребительдеріне дайындауды тездеткісі келеді, бірақ АҚШ пен ЕО-ның оқу орталықтарында орын жетіспейді

Нұрдәулет Кәкіш
06/06/2024 - 15:43

Фото: Taiwan Defence Ministry/Handout/REUTERS

Фото: Taiwan Defence Ministry/Handout/REUTERS

Украина билігі АҚШ пен басқа елдерден F-16 истребитель ұшқыштарын дайындауды жеделдетуді талап етуде. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Politico басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Украиналық шенеуніктердің айтуынша, қазіргі дайындық процесінде Киев жақын арада әскери көмек ретінде алатын жауынгерлік ұшақтарды басқару үшін ұшқыштар жеткіліксіз екенін жазады Politico.

Басылымның дереккөздерінің айтуынша, Украина F-16 ұшағын басқаруға үйрету үшін АҚШ-қа бірден 30 ұшқыш жіберуге дайын екенін бірнеше рет айтқан. Алайда Ақ үй Киевке Аризонадағы базасында орындардың жетіспейтіндігін және қыркүйек айының соңына дейін тек 12 украиндық ұшқышты оқытуға дайын екендігін хабарлады.

АҚШ Өкілдер палатасы барлау комитетінің төрағасы Майк Тернер де украиналық ұшқыштарды жедел даярлауды талап етті.

«Ол мамыр айында басқа шенеуніктермен бірге Пентагонға осы мәселеге басымдық беруді талап етіп хат жазды», – делінген басылымда.

Ақ үй өз кезегінде Украинаның 30 ұшқышын бірден оқуға қабылдаудан бас тартуға мәжбүр. Өйткені F-16-ға ұшуға дайындалу кезегінде АҚШ өз міндеттемелерін бұза алмайтын басқа да елдер тұр.

Дереккөздердің мәліметінше, Дания мен Румыниядағы басқа F-16 ұшқыштарын даярлау орталықтарында да оқу орындары жетіспейді.

«Дания, Норвегия, Нидерланды және Бельгия осы жазда Украинаға 60-тан астам американдық истребитель жіберуді жоспарлап отыр», – деп жазды басылым.

Ұшақтар Украинаға Ресей Федерациясына қарсы тұруға және Ресей әскерлерін, мысалы, Харьков облысында, майдан шебінен шығаруға көмектеседі деген болжам бар.

Сонымен қатар Нидерланды мен Дания Киевке F-16-ны Ресей аумағындағы әскери нысандарға соққы беру үшін пайдалануға рұқсат берді.

×

Редакция

$ 516.93  542.52  4.98