Трамп 136 жылға сотталуы мүмкін: Алқабилер оны кінәлі деп таныды

Нью-Йорктегі алқабилер соты елдің экс-президенті Дональд Трампты құжаттарды бұрмалаудың 34 эпизодына кінәлі деп тапты. Үкім 11 шілдеде жарияланады

Нұрдәулет Кәкіш
31/05/2024 - 10:07

Фото: Justin Lane/REUTERS

Фото: Justin Lane/REUTERS

Нью-Йорктегі алқабилер соты АҚШ тарихында алғаш рет бұрынғы президент Дональд Трампқа қарсы қылмыстық іс бойынша айыптау үкімін шығарды. 12 алқаби экс-президентті Трамптың 2016 жылғы сайлау науқанының сәттілігіне қауіп төндірген бұрынғы порно актриса Сторми Дэниэлске төлем жасау фактісін жасыру мақсатында іскерлік құжаттарды бұрмалағаны үшін кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі DW газетіне сілтеме жасап.

Трамп барлық 34 бап бойынша кінәлі деп танылды. Есептілікті бұрмалаудың 34 жағдайының әрқайсысы төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, барлығы – 136 жыл. Жазаны судья Хуан Мерчан 11 шілдеде өтетін арнайы отырыста анықтайды.

АҚШ президенті әкімшілігінің өкілі Трампқа үкім шыққаннан кейін Ақ үйдің заң үстемдігін құрметтейтінін мәлімдеді. Джо Байденнің өзі Трамптың айыптау үкімін 5 қарашада өтетін АҚШ-тағы президенттік сайлауға үгіт-насихат жүргізуде пайдаланды.

«Дональд Трамптың Ақ үй кеңсесіне кіруіне жол бермеудің бір ғана жолы бар: сайлау жәшігінде», – деп жазды президент Джо Байден Х әлеуметтік желісінде.

Сот залынан шыққаннан кейін Дональд Трамп журналистерге алқабилердің үкімі әлі толық күшіне енбегенін айтты.

«Біз күресуді жалғастырамыз, соңына дейін күресеміз және жеңеміз, өйткені біздің ел тозаққа айналды», – деді экс-президент.

Үкім шыққаннан кейін көп ұзамай Трамптың адвокаты Тодд Бланш алқабилер сотының шешіміне шағымданатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, 4 сәуірде Нью-Йорктегі Манхэттен соты Дональд Трампқа іскерлік құжаттарды бұрмалау мен қылмыстық қастандықтың 34 эпизоды бойынша айып тақты. Тергеу мәліметтері бойынша, 2015 жылдың тамызы мен 2017 жылдың желтоқсаны аралығында Трамп басқа адамдармен бірлесіп, 2016 жылғы президенттік сайлауға оның жариялануына жол бермеу және сайлау перспективалары үшін пайда табу мақсатында ол туралы жағымсыз ақпаратты анықтау және сатып алу арқылы ықпал ету схемасын ұйымдастырған. Осылайша, Трамп бұл әрекеттерді іскерлік құжатта ондаған жалған жазба жасау арқылы жасыруға тырысқан.

Сот процесі қалай аяқталса да, Дональд Трамп әлі де президенттікке үміткер бола алады. АҚШ конституциясында мемлекет басшысына кандидатқа қойылатын үш талап бар: ол кем дегенде 35 жаста болып, Америка Құрама Штаттарында туып, кем дегенде 14 жыл тұруы керек.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91