Қытай Тайвань маңында әскери жаттығуды бастады

Тайваньның жаңа президенті қызметіне кіріскеннен кейінгі үшінші күні Қытай аралға жақын жерде теңіз маневрлеріне кірісті. Ол екі күнге созылады

Нұрдәулет Кәкіш
23/05/2024 - 10:54

Фото: AP

Фото: AP

Тайваньның жаңа президенті Лай Циндэ қызметке кіріскеннен бірнеше күн өткен соң, Қытай өзінің бүлікшіл провинциясы деп санайтын аралға жақын жерде әскери жаттығулар өткізе бастады. Бұл туралы Қытай Халық-азаттық армиясының шығыс қолбасшылығы жариялады, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Бұған дейін ҚХР билігі Тайвань аралы «Қытай территориясының ажырамас бөлігі, ал Тайвань істері Қытайдың ішкі істері» деп мәлімдеген болатын.

Хабарламада 23 мамырда таңертең басталған маневрлерге Қытай Құрлық әскерлері, Әскери-теңіз күштері, Әуе күштері мен зымыран әскерлері қатысқаны көрсетілген. Жаттығу Тайвань бұғазында, Тайвань жағалауларының солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында, сондай-ақ Тайвань бақылауындағы Цзиньмэнь, Маззу, Уцюю және Дуньин аралдарының айналасындағы аудандарда өтеді және жергілікті уақыт бойынша 24 мамыр күні кешке дейін жалғасады.

«Бұл сондай-ақ Тайваньның тәуелсіздігін жақтаушылардың сепаратистік әрекеттері үшін қатаң жаза және сыртқы күштердің араласуы мен арандатушылықтарына қарсы қатаң ескерту», – деді ҚХР армиясының шығыс қолбасшылығының ресми өкілі Reuters агенттігіне. «Жаттығу әскери-теңіз күштері мен Әскери-әуе күштерінің жауынгерлік дайындығын бірлесіп тексеруге және негізгі мақсаттарға соққыларды пысықтауға бағытталады», – деп қосты ол.

Лай Циндэ Қытайды қауіптерді тоқтатуға шақырды

Тайбэйде 20 мамырда қаңтардың ортасында сайлауда жеңіске жеткен Тайваньның жаңа президенті Лай Циндэнің инаугурациясы өтті. Тайвань Демократиялық Прогрессивті партиясының жаңа жетекшісі өз сөзінде Қытайды тәуелсіздігін сақтау үшін қауіп-қатерді тоқтатуға және Тайвань халқының таңдауын құрметтеуге шақырды. Ол сондай-ақ Қытаймен бейбіт диалогқа ұмтылатынын және екіжақты қарым-қатынасты қалпына келтіретінін айтып, Тайваньның Қытай Республикасындағы болашағын оның 23 миллион тұрғыны анықтайтынынатап өтті.

Бейжің Циндэні сенімді сепаратист ретінде қарастырып, оның сайлануын соғыс жариялаумен байланыстырады. Қытай Сыртқы істер министрі Ван И Лайдың сөзін «ұят» деп атап, Тайваньның тәуелсіздікке жету әрекеттері тұйыққа тірелетінін мәлімдеді.

Қытай АҚШ-тың бірқатар қорғаныс концерндеріне қарсы санкциялар енгізді

Тайваньның жаңа президенті Лай Циндэнің инаугурациясы аясында қытай 20 мамырда АҚШ-тың тағы үш қорғаныс концерніне санкциялар енгізді. «Сенімсіз кәсіпорындар» тізіміне Boeing компанияларының қорғаныс және ғарыш бөлімшелері, сондай-ақ General Atomics Aeronautical Systems және General Dynamics Land Systems кіретінін хабарлады ҚХР сауда министрлігі. Бұл компанияларға ҚХР-ға жаңа инвестициялар салуға, олардың басшыларына Қытайға кіруге тыйым салынады.

Сондай-ақ Қытай жақында Тайваньға қару-жарақ жеткізетін американдық кәсіпорындарға бірқатар санкциялар енгізді. 2023 жылдың қыркүйегінде Lockheed Martin және Northrop Grumman концерндеріне қарсы айыппұл салынды. Қаңтарда тағы бес американдық фирма «қара тізімді» толықтырды.

×

Редакция

$ 467.29  501.03  5.35