Лондон Қытайды Ресейге өлімге әкелетін қаруын жеткізді деп айыптады

«Бізде Ресей мен Қытайдың Украинада қолданылатын қару-жарақ саласындағы ынтымақтастығы туралы дәлелдер бар», – деді Ұлыбританияның Қорғаныс министрі

Нұрдәулет Кәкіш
23/05/2024 - 09:02

Фото: Vladimir Smirnov/dpa/TASS/picture alliance

Фото: Vladimir Smirnov/dpa/TASS/picture alliance

Ұлыбританияның Қорғаныс министрі Грант Шэппс Қытайды Ресейге өлімге әкелетін қару жеткізді деп айыптады. Бұл туралы Шэппс Лондондағы қорғаныс конференциясында мәлімдеді. Сонымен қатар Қытайдан жеткізілген ол қару-жарақтардың Украинаға қарсы соғыста қолданылатынын айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Мен Ресей мен Қытайдың Украинада қолданылатын қару-жарақ саласындағы ынтымақтастығының дәлелі бар екенін айта аламын», – деді Шэппс.

Американдық және британдық барлау қызметтерінің мәліметтеріне сілтеме жасаған Шэппс өлімге әкелетін қару-жарақ Қытайдан Ресейге, содан кейін Украинаға жеткізілетінін мәлімдеді.

«Бұл деректер Бейжіңнің Мәскеуге әсерін қалыпты деп көрсету әрекеттеріне қайшы келеді», – деп қосты Ұлыбританияның Қорғаныс министрі.

Оның айтуынша, Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғаннан бері елдер арасындағы сауда көлемі 64 пайызға өскендігі ҚХР мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың тығыз екенін көрсетеді.

Германия канцлері Олаф Шольц Қытайға сапары барысында ҚХР билігін Ресей Федерациясына қарсы санкцияларды айналып өтпеуге және Мәскеуге қару бермеуге шақырды. Сәуірде АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен қытайлық компанияларға Ресей Федерациясына Украинада қолданылуы мүмкін тауарларды экспорттағаны үшін қатаң санкциялармен қорқытты.

Дегенмен Қытай Украинамен соғыс кезінде Ресейге қолдауды күшейтуде. Bloomberg мәліметтері бойынша, Бейжің Мәскеуге әскери мақсатта геокеңістіктік барлау деректерін, сондай-ақ әскери өнеркәсіпке қажетті микроэлектрониканы, танк машиналарын және зымырандарға арналған отынды ұсынады.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85