Жолаушылар ұшағы Лондоннан Сингапурға бағыт алған
Турбуленттілікке ұшыраған Singapore Airlines рейсінде бір адам қаза тауып, 70-тен астамы қатты жарақат алды, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі AFP-ке сілтеме жасап.
Турбуленттілікке ұшыраған Boeing 777-300ER жолаушылар ұшағы Лондоннан Сингапурға SQ 321 рейсімен жөнелтілген. Лайнердің экипажы рейсті Бангкокқа бағыттау туралы шешім қабылдап, онда мәжбүрлі түрде қонды. Бортта 211 жолаушы мен 18 экипаж мүшесі болған.
10 сағаттық ұшудан кейін Мьянмада кенеттен қатты турбуленттілік басталды. Оқиға салдарынан 73 жастағы Ұлыбритания азаматы қаза тапты. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол турбуленттілік кезінде инфаркт алған.
«Singapore Airlines атынан қайтыс болған адамның отбасы мен жақындарына көңіл айтамын», – деді Singapore Airlines бас директоры Гуо Чун Фонг бейне хабарламада.
Сингапурдың көлік қауіпсіздігі жөніндегі тергеу бюросы АҚШ-тың көлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық кеңесімен бірге оқиғаны тергеумен айналысады.