Үш елдің Сыртқы істер министрлері Сахель мемлекеттері альянсы конфедерациясын құру жоспарының соңғы нұсқасын келісті
Нигер, Мали және Буркина-Фасо билігі Сахель мемлекеттері альянсы конфедерациясын құру жоспарының түпкілікті нұсқасына келісті. Жобаны Нигер астанасы Ниамейде үш елдің Сыртқы істер министрлері мақұлдады, деп хабарлады AFP.
Кездесуден кейін Нигер Сыртқы істер министрі Бакари Яу Сангаре соңғы мәтін үш мемлекеттің әскери үкімет басшыларының саммитінде қабылданатынын айтты. Сангаре оның өтетін күнін нақтыламады. Журналистерге келісімнің мазмұны туралы да толық мәлімет берілмеді.
2024 жылдың қаңтарында Нигер Мали және Буркина-Фасомен бірге ECOWAS аймақтық альянсынан – Батыс Африка мемлекеттерінің экономикалық қауымдастығынан шықты. Оның негізгі мақсаты жиһадтық топтарға қарсы күрес арқылы Батыс Африкадағы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды.
Осыдан кейін Сахельдің үш елінің билігі Америка Құрама Штаттарымен және Франциямен әскери ынтымақтастықты тоқтататындарын ресми түрде жариялады. Сонымен қатар олардың әскери шығындары бұдан былай бақылауға алынбайтын жарлық шығарды. Жауап ретінде ECOWAS Мали мен Нигерге сол елдердегі демократиялық жолмен сайланған үкіметтерді құлатқан әскери төңкерістерге қатысты санкциялар салды.
2023 жылдың қыркүйегінде Мали, Буркина-Фасо және Нигер басшылары Сахель мемлекеттерінің альянсын құру туралы хартияға қол қойды. Оған сәйкес, бір немесе бірнеше қатысушы елдердің егемендігіне немесе аумақтық тұтастығына жасалған шабуыл бүкіл блокқа қарсы агрессия ретінде қарастырылады және әскери араласуды талап етеді.
Сарапшылар Сахельдің негізгі мемлекеттерінің АҚШ пен Франциямен қарым-қатынасын үзу, сондай-ақ әскери шығындарды бақылауды жою Ресеймен әскери ынтымақтастық туралы келісімнің алғышарты болғанына сенімді.