Байден мен Трамптың алғашқы теледебаты өтетін күн белгіленді

Джо Байден мен Дональд Трамп арасындағы алғашқы теледуэль күтпеген жерден маусым айының соңына жоспарланған. Теледебатты тезірек өткізуге АҚШ-тың қазіргі президенті бастамашы болған

Нұрдәулет Кәкіш
16/05/2024 - 11:09

Коллаж: Getty Images

Коллаж: Getty Images

АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден мен бұрынғы президенті Дональд Трамп арасындағы алғашқы сайлауалды теледуэль күтпеген жерден маусым айының соңына жоспарланды, деп  хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі CNN телеарнасына сілтеме жасап.

CNN телеарнасының хабарлауынша, кандидаттар арасындағы теледебат Джорджия штатының Атланта қаласында 27 маусым күні (Астана уақытымен 28 маусым) кешке өтеді.

Байден ұйымдастыру комиссиясының жоспарынан тыс теледебатты жеделдетуді, өтетін уақытын келесі айға қоюды ұсынды. Ал Трамп бұл ұсыныспен келісетінін білдірді.

«Мен CNN-нен 27 маусымда пікірталас өткізуге шақыру алдым және қабылдадым. Енді бұл қадамды жасау кезегі сенде, Дональд. Өзің айтқандай, кез келген жерде», – деп жазды Байден Х әлеуметтік желісінде.

Бұған жауап ретінде Трамптың командасы сайлаушыларға екі теледуэльден артық көруге мүмкіндік беру үшін Байден мен Трамп арасында маусым, шілде, тамыз және қыркүйек айларында төрт теледебат өткізуді ұсынды.

DPA агенттігі маусым айында теледебат өткізу аса қисынды емес екенін атап өтті. Агаенттік мәліметінше, Байден мен Трамп тек шілде мен тамызда Демократиялық және Республикалық партиялардың съездерінде АҚШ президенттігіне ресми түрде ұсынылуы керек.

АҚШ-та президенттікке үміткерлер арасындағы теледебатты дәстүрлі түрде партияаралық комиссия ұйымдастырады. Ол қараша айында үш теледуэльдің күндерін белгіледі: 16 қыркүйек Сан-Маркос, Техас штаты, 1 қазан Питерсберг, Вирджиния штаты және 9 қазан Солт-Лей-Сити, Юта штаты.

Комиссияның жоспарлары бойынша АҚШ вице-президенттігіне үміткерлер арасындағы жалғыз теледебат 25 қыркүйекте Пенсильвания штатының Истон қаласында өтеді. Байден сайлауға тағы да өзінің орынбасары Камала Харриспен бірге бармақ. Трамп вице-президенттікке кімді қабылдағысы келетінін әлі айтқан жоқ.

Тегтер

×

Редакция

$ 474.83  515.38  5.5