Германияда Ресейдің 4 млрд еуроға жуық активтері бұғатталған

2023 жылдың наурызында Ресейдің бұғатталған қаражатының сомасы 5 миллиард еуродан асты. Бұл сомаға ресейлік жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ Ресей Федерациясының Орталық банкінің активтері кіреді

Нұрдәулет Кәкіш
15/05/2024 - 16:58

Фото: Jürgen Ritter/imago images

Фото: Jürgen Ritter/imago images

Германияда ресейлік активтердің 3,95 миллиард еуросы бұғатталған. Мұндай деректерді 10 мамырда ГФР Қаржы министрлігі Бундестагтың Еркін демократиялық партия атынан сайланған депутаты Маркус Хербрандтың сауалына жауап ретінде ұсынды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі DW газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл – жеке және заңды тұлғалардың ақшалай қаражаттары мен басқа да активтерін, сондай-ақ Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды соғысы басталғаннан кейін ЕО санкцияларына ұшыраған Ресей Федерациясының Орталық банкінің қаражатын қамтитын бағалау көрсеткіші. Бұл ретте бұғатталған мемлекеттік және жеке қаражаттың үлестері аталмайды, өйткені бұл ақпарат құпия болып саналатынын атап өтті Reuters.

2023 жылдың наурызында ГФР Қаржы министрлігі Ресейдің жалпы сомасы 5,25 миллиард еуроны құрайтын бұғатталған активтері туралы хабарлады. Маркус Хербрандтың пікірінше, Германияның бірнеше миллиард ресейлік қаражатты бұғаттауын сәттілік деп санауға болады.

«Осылайша, біз кез келген уақытта еліміздегі санкцияланған активтерді тәркілей аламыз», – деп атап өтті ол.

G7, ЕО және Аустралия елдерінде Ресейдің Украинаға толық басып кіруінен кейін Ресей Федерациясының Орталық банкінің активтерінің шамамен 260 миллиард еуросы бұғатталған. Олардың көпшілігі (шамамен 190 миллиард еуро) Бельгиядағы еуропалық Euroclear депозитарийінде сақталған. 2024 жылдың ақпан айының басында жарияланған 2023 жылғы есепте депозитарий активтерді инвестициялау міндеттемесіне байланысты осы қаражаттың 4,4 миллиард еуро пайызын алғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта Еуропалық Одақта Украинаға әскери көмекті қаржыландыру үшін, сондай-ақ Ресейдің агрессиясынан зардап шеккен елді қалпына келтіру үшін Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен кірісті пайдалану жоспарын бекіту процедурасы жалғасуда. 8 мамырда ол ЕО елшілерінің деңгейінде келісілді. Тек биылдың өзінде Ресей Федерациясының бұғатталған активтерінен түсетін кірістер 3 миллиард еуроға дейін жетуі мүмкін. Қазіргі уақытта Брюссель бұғатталған активтерді тәркілеуді жоспарлап отырған жоқ. Американдық Рolitico басылымының хабарлауынша, бұл қаржыны жұмсауды жоспарламауға еуропалық шенеуніктерді ҚХР, Сауд Арабиясы және Индонезия көндірген.

Жақында ЕО Украинаға 2022-2023 жылдары ресейлік активтерді инвестициялаудан түскен пайданы бермейтіні белгілі болды. Қаражат Мәскеумен арадағы сот процестерін төлеу үшін ЕО-да қалады. Politico мәліметтері бойынша, Ресей Бельгия депозитарийінде сақталған Ресей Федерациясының Орталық Банкінің бұғатталған қаражатын қайтаруды сұрап, Euroclear-ға қарсы 90-нан астам сот ісін қозғаған.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91