«Барлығын күйзеліске ұшыратты»: Макрон түрме фургонына жасалған шабуыл туралы айтты

Прокуратура қашқынның аты-жөні мен жасын анықтады.  Бұрын кісі тонағаны үшін сотталған 20 жастағы Мохамед Амр. Ол сондай-ақ адам өліміне әкеп соқтырған адам ұрлығы үшін айыпталған

Нұрдәулет Кәкіш
15/05/2024 - 09:55

Фото: bbc.com

Фото: bbc.com

Сейсенбі күні Францияның солтүстігінде тұтқын мінген түрме фургонына шабуыл жасалды. Шабуыл жасағандар көліктегі француз түрме қызметінің екі қызметкерін атып, тағы үшеуін ауыр жарақаттап, тұтқынға белгісіз бағытта қашып кетуге көмектескен, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап.

Француз билігінің өкілдері қазір қашқынды ізін суытпай іздеп жатқанын мәлімдеді: іздеу жұмыстарына полицияның жүздеген қызметкері мен жандармдар жұмылдырылған.

Прокуратура қашқынның аты-жөні мен жасын анықтады.  Бұрын кісі тонағаны үшін сотталған 20 жастағы Мохамед Амр. Ол сондай-ақ адам өліміне әкеп соқтырған адам ұрлығы үшін айыпталған.

Figaro газетінің нақтылауынша, Амр қылмыстық әлемде «Ла Муш» (Шыбын) лақап атымен танымал және ол кісі өлтіруге оқталудан бөлек басқа қылмыстық баптар – есірткі қылмыстары үшін бірнеше рет сотталған. 

Француз баспасөзінің хабарлауынша, қашқынның есірткі саудасымен айналысатын топтармен байланысы бар.

Франция президенті Эммануэль Макрон тасжолда болған оқиға «барлығын күйзеліске ұшыратқанын» айтып, бұл қылмысты ұйымдастырушыларды табу үшін қолдан келгеннің барлығы жасалып жатқанына сендірді. 

Елдегі BFMTV басылымының хабарлауынша, Амр түрмеден сейсенбі күні таңертең Руан сотында өтетін тыңдауға қатысу үшін тасымалданған.

Сот отырысы аяқталған соң тұтқын мінген көлік Эвре қаласындағы түрмеге жол тартқан.  

Алайда жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 11.00-де А154 ақылы автожолындағы бақылау-өткізу пунктінде көлікке шабуыл жасалды. 

France Press агенттігінің хабарлауынша, шабуылдаушылар түрме колоннасына екі көлікпен жетіп, оған оқ жаудырған.

 

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91