Өлім-жітім саны әлі де артуы мүмкін деген болжам бар
Үндістанда нөсер жауын жауып, су тасқыны мен топырақ көшкіні салдарынан 50-ден аса адам қаза тапты, деп хабарлайды Sarbaz.kz «The Times of India» басылымына сілтеме жасап.
«The Times of India» газетінің мәліметінше, елдің Химачал-Прадеш штатында нөсер жауын мен жойқын желдің әсері әлі де жалғасуда.
Химачал-Прадеш премьер-министрі Сухвиндер Сингх Суху «X» әлеуметтік желісіндегі аккаунтынан жасаған мәлімдемесінде соңғы 24 сағатта штатта 50-ден аса адамның қаза тапқанын, 20-дан аса адамның кептеліп қалғанын, өлім-жітім санының әлі де артуы мүмкін екенін хабарлады.
Химачал-Прадеш штатына қарасты Шимла қаласындағы Шив ғибадатханасында көшкіннен кейін 14 адамның мәйіті табылған.
«NDTV» телеарнасының хабарлауынша, Ішкі істер министрі Амит Шах Ұлттық Апатпен күрес күші (NDRF) топтарының іздеу-құтқару жұмыстары үшін уәлаятта іске кіріскенін мәлімдеді.
Үндістанның метеорологиялық басқармасы (IMD) алдағы 24 сағатта Химачал-Прадеш пен Уттаракхандтың әртүрлі аймақтарында нөсер жаңбырдың жалғасатынын болжап, екі уәлаят үшін де «қызыл дабыл» жариялады.