Сот ісі кезінде де Иванов әскери формада болған
Мәскеудің Басман соты Ресей Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Иванов пен кәсіпкер Сергей Бородинді, «Олимпситистрой» компаниясының тең иесі – Қорғаныс министрлігінің ірі мердігері Александр Фоминді 23 маусымға дейін тергеу изоляторына жіберді. Бұл туралы Мәскеудің жалпы юрисдикциясы соттарының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл іс бойынша қамауға алынғандар туралы, кәсіпкерлердің бұрынғы вице-министрмен байланысы, қандай істер атқарылғаны туралы жаңа деректер пайда болды.
РФ Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Ивановтың қылмыстық ісі 23 сәуірде кешке белгілі болды. РБК мәліметтері бойынша, Иванов өзінің қызмет кабинетінде сағат 17-де ұсталды. Бұл күні Қорғаныс министрлігінде министр Сергей Шойгу мен Иванов қатысқан жиын өткен.
Келесі күні Тимур Иванов қамауға алынған. Бір қызығы, сот ісі кезінде де ол әскери формада болған. Бұл – жоғары лауазымды тұлғалардың қылмыстық істерін жүргізу кездерінде сирек кездесетін жайт. Оны сот ғимаратынан шығарған кездегі бейнежазбада Иванов азаматтық формада болған, оның қолына кісен салынғанын көруге болады.
Оның адвокаты Мурад Мусаевтың айтуынша, Ивановты «Қорғаныс министрлігінің мердігер компанияларына көмек көрсетті» деп айыптады. Ал рақмет ретінде бұл компаниялар «Ивановқа тиесілі нысандарда құрылыс-жөндеу жұмыстарын ақысыз жүргізген». Ивановқа Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 290-бабының 6-бөлігі (аса ірі мөлшерде пара алу) бойынша айып тағылды. Егер қылмысы дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ Иванов өз кінәсін мойындамады.
Тимур Иванов 2016 жылдан бастап Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарады (24 сәуірден бастап ол қызметінен босатылды, деп жазды ТАСС). Оны көпшілік Сергей Шойгудың ежелгі танысы әрі серігі деп атайды. 2012 жылы Иванов Шойгудың басшылығы кезінде Мәскеу облысы Үкіметінде вице-премьер болған.
Қорғаныс министрлігінде Иванов соңғы жылдары Ресей шапқыншылығынан соң қираған Мариупольді қалпына келтіру, Ресей Қарулы Күштерінің басты ғибадатханасын, «Восточный» ғарыш айлағын, Covid-19 пациенттерін емдеуге арналған Қорғаныс министрлігінің Медициналық орталықтарын салу сияқты ірі әскери құрылыстарға жетекшілік еткен.
Иванов қамауға алынғанға дейін көпшілік оның сән-салтанатқа толы жеке өмірінен хабардар болған. Сондықтан бақылаушылар қылмыстық қудалаудың себебі сыбайлас жемқорлық болғанына күмәнданған.
2022 жылдың желтоқсанында Алексей Навальныйдың серіктестері министрдің орынбасары мен оның бұрынғы әйелі Светлананың мүлкі мен қаржысы туралы зерттеу жариялады. Материал авторларының мәліметінше, Ивановтар отбасы 2022 жылдың жазында ажырасқан. Навальныйдың командасы Ивановтың жарының электрондық пошта мұрағатының 8 мыңға жуық хатына қол жеткізген-мыс. Хаттардың арасында қымбат автокөлік шоттары, үйлерінің жоспарлары, Еуропадағы яхталар мен виллаларға арналған құжаттар мен зергерлік бұйымдарға арналған чектер, мыңдаған фотосуреттер, соның ішінде ресейлік шенеуніктердің қатысуымен өткен думанды кештер фотосуреттері болған. Сол кештердің фотосуреттері арасында Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та болған.
2024 жылдың 25 сәуірінде, яғни бір жарым жыл өткен соң зерттеу материалында аттары аталған кейбір адамдар Ивановтың қылмыстық ісінде де кездесті.
Алайда «Коммерсант» газетінің хабарлауынша, Тимур Ивановқа қарсы қылмыстық іс «Ресей президентінің бақылау басқармасында жиналған» материалдарға негізделген.
Тимур Ивановпен бір уақытта тұтқындалған және пара алды деп айыпталған кәсіпкер Сергей Бородинді БАҚ вице-министрдің «досы әрі сенімді серігі» деп атады.
Фотода: Сергей Бородин, РФ Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Ивановтың қылмыстық ісінің екінші қатысушысы
Тергеу мәліметтері бойынша, «Қорғаныс министрлігінің қажеттіліктері үшін мердігерлік және қосалқы мердігерлік жұмыстарды» жүргізу кезінде «мүліктік пара» алу процесіне Бородин жетекшілік еткен. Бородин кінәні мойындады ма, жоқ па ол жағы әзірге белгісіз.
Журналистердің айтуынша, Бородин Тверь облысында Министрдің орынбасары үшін жылжымайтын мүлік салған «Волжский берег» компаниясын басқарған (компанияның 99% Қорғаныс министрлігінің қосалқы мердігері «Оборонспецстройға», 1% Бородинге тиесілі, деп хабарлады тергеушілер).
Сонымен қатар ол «Волжский берег»-те 19 гектар жер учаскесіне иелік етеді. Онда Тимур Ивановтың отбасы үшін жылжымайтын мүлік тіркелгенін мәлім етті Навальныйдың серіктестері.
РБК атап өткендей, Сергей Бородин есімді адам бұрын Қорғаныс министрлігінің кварталдау департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2022 жылдың маусымында ол Мәскеу мен Мәскеу облысында Қорғаныс және қауіпсіздік жерлерін ұрлады деген күдікпен ұсталған.
«Коммерсант» жазғандай, Бородин кінәсін мойындап, тергеу істеріне көмектескен. Осы қылмыстық іске қатысы жоқ басқа қылмыстар туралы хабарлады.
Фотода: Александр Фомин, РФ Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Ивановтың қылмыстық ісінің үшінші қатысушысы
Тимур Ивановтың ісі бойынша қамауға алынған үшінші адам, пара берді деп айыпталған кәсіпкер Александр Фомин (Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 291-бабының 5-бөлігі, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру). Фомин – Қорғаныс министрлігінің ірі мердігеріи «Олимпситистрой» компаниясының тең иесі.
«Коммерсант» газетінің хабарлауынша, Иванов Фоминнен параны ақшамен алмаған. Фомин компаниясы оған тиесілі жылжымайтын мүлікті салу және қалпына келтіру қызметтерін көрсеткен.
«Олимпситистрой» 2006 жылы тіркелген. Компания Қорғаныс министрлігіне бірнеше ірі нысандарды, соның ішінде Омбыдағы кадет әскери корпусының ғимараттарын, Тверьдегі Суворов әскери училищесін, Мурманскідегі Нахимов Әскери-теңіз училищесін және Санкт-Петербургтегі ковид ауруханасын салған. Ресей әскерлері басып алған кезде қираған Мариупольде «Олимпитистрой» әскери құрылыс компаниясының қосалқы мердігері ретінде барлығын дерлігін салып берді», – деп жазылған құжатта.
«Басып алынған аумақтардағы құрылыс – бұл өте ірі көлемдегі ақша», – деп жазды басылым.
Ресей Қорғаныс министрлігінің «Әскери-құрылыс компаниясының» сайтында «Олимпситистрой» басшылығына берілген мемлекеттік марапаттар туралы бірнеше жарияланым болған. Фоминнің қамауға алынғаны туралы хабарламадан кейін «Агентство» (Ресейдегі «иноагенттер» тізіліміне енгізілген) ол фотосуреттердің жойыла бастағанын жазды.
«СПАРК-Интерфакстың» мәліметі бойынша, 2023 жылы «Олимпситистройдың» кірісі 65,389 миллиард рубльді, ал таза пайдасы 10,877 миллиард рубльді құраған. Бұл одан бір жыл бұрынғы табыстан төрт есеге көп деседі.