Ресей қорғаныс министрінің орынбасары ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталды

Шойгудың орынбасары Тимур Иванов Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің ірі құрылыс жобаларына жауапты болған. Енді ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Нұрдәулет Кәкіш
24/04/2024 - 10:08

Фото: mil.ru

Фото: mil.ru

РФ Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Иванов ұсталды. Шенеунік пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Ресей Федерациясының Тергеу комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Тиісті тергеу әрекеттері жүргізілуде», - деді Ресей Федерациясының Тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренко.

Ведомство басқа мәліметтерді келтірмеді.

Құқық қорғау органдарына сілтеме жасаған ТАСС мәліметтері бойынша, тергеу Ивановты тұтқындауға тырысады. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың орынбасары кем дегенде 1 миллион рубль пара алды деген күдікке ілінді. Ол 15 жылға дейін темірторға тоғытылуы мүмкін екенін жазды агенттік.

Өз кезегінде Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге Қорғаныс министрлігі басшысының орынбасары ұсталғаны туралы хабарланғанын айтты.

«Медиазона» атап өткендей, Иванов ірі құрылыс жобаларына жауапты болды. Атап айтқанда, оның басшылығымен Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің басты ғибадатханасы, Мәскеу маңындағы «Патриот» саябағы, Камчаткадағы сүңгуір қайықтардың орналасу пункттері және «Восточный» ғарыш айлағы салынды.

«Ұсталғанға дейін ол Ресей қиратқан Мариупольді қалпына келтіру жобаларына жетекшілік етті. Сонымен қатар 2016 жылдан бастап РФ Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарған Иванов мүлікті басқаруды, әскерлерді кварталдауды, тұрғын үй мен медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырумен айналысты», - делінген ТАСС хабарламасында.

Алексей Навальныйдың серіктестері 2022 жылдың желтоқсанында Тимур Иванов пен оның әйелі Светлана Захарова туралы үлкен зерттеу материал жариялады. Олардың мәліметтері бойынша, 2010-2018 жылдары ерлі-зайыптылар әр жазда Сен-Тропеде жағалаулардағы виллаларға қоныстанып, тұрғын үйді жалға алуға кемінде 850 мың еуро жұмсаған. Иванов Қорғаныс министрлігінің мердігер құрылыс компанияларынан пара алып отырған-мыс. Ал 2022 жылдың маусымында ол Еуропалық Одақтың санкциясына ұшырамас үшін әйелімен ажырасқан. Оның әйелі Ресей Федерациясы Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін де шетелдерге сапарын жалғастырғаны туралы зерттеу материалында жарияланған.

Forbes мәліметіне сәйкес, Тимур Ивановтың 2018 жылғы табысы 13,6 миллион рубльді, ал оның отбасының сол жылғы табысы 136,7 миллион рубльді құраған.

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88