Путиннің қысымы, күйеуінің өлімі, Ресейге санкцияның әсері: Юлия Навальная көлемді сұхбат берді

Ол Путинге қарсы күрес жүргізетінін мәлімдеді

Нұрқанат Омарұлы
18/04/2024 - 14:53

Фото: Yves Herman / EPA / ТАСС

Фото: Yves Herman / EPA / ТАСС

Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жесірі Юлия Навальная америкалық Time журналының болжамы бойынша әлемдегі ең ықпалды 100 адамның қатарына енді. Ол басылымға күйеуі қайтыс болғаннан кейінгі алғашқы сұхбатын берді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым саясаткердің жесірімен болған журналист Саймон Шустердің сұхбатын жариялады. Сұхбат Вильнюсте, Навальный қайтыс болғаннан бір ай өткеннен кейін болды.

Күйеуінің өлімі жайлы

Юлия Навальная өзінің күйеуінің қайтыс болғаны туралы Мюнхен конференциясында сөйлеген сөзінің алдында ресейлік БАҚ-тан оқыған.

«Мен (телефон арқылы) үнемі «Алексей Навальный» деп басталатын хабарламаларды алып отыруға үйреніп алғанмын. Кенет үшінші сөзге көзім түсті. Үшінші сөз оның өлімі жайлы айтты. Әуелде не болғанын ұға алмадым, бірер сәттен кейін барып қана ол сөздің мәнін түсіндім. Мен өз бөлмемде жалғыз едім», - деді Юлия Навальная.

Саясаткердің өлімі туралы мәліметтер ресейлік ресми дереккөздердің мәліметтеріне ғана негізделгендіктен, Юлия Навальная «алдымен бәрін анықтап алу керек деп шешті».

«Содан кейін ғана жылап, алаңдай бастауға болады», - деді ол.

Ақырғы кездесуі мен әңгіме жайында

Юлия Навальнаяның айтуынша, ол күйеуін соңғы рет 2022 жылдың ақпан айының ортасында – Ресей Украинаға соғыс ашпас бұрын көрген.

«Онымен телефон арқылы сөйлесуге мүмкіндігіміз болмады. Білкім бір-екі рет қана шығар, оның өзінде өте қысқа әңгіме болды. Бір ретте, нақтысы жаздың күні менің туған күнімде ол маған қоңырау шалуға рұқсат алған еді. Бірақ онысынан түк шықпады. Ол хабарласып, «Сәлем, алло» деді де болды сонымен байланыс үзілді. Сол кезде оның маған ақырғы рет «Сәлем» деп тұрғанын білмеппін де, сезбеппін де».

Навальныйды Карсиковқа алмастыруға қатысты келіссөздер жайлы

Юлия Навальная бұл келіссөздерден хабардар екенін, бірақ оған қатыспағанын айтты. «Сол кезде (Навальныйдың қайтыс болғаны туралы белгілі болғанда) мен бұл келісім бұрын да болғанын түсінген едім», - деді ол.

Оның айтуынша, Юлия Навальная қатысқан Мюнхен конференциясы кезінде оның күйеуін алмастыру туралы арнайы келіссөздер жоспарланбаған. Бірақ оның пайымынша, тұтқындарды алмастыру мен Алексей Навальныйдың өлімі арасында байланыс бар, әрі басқа болжамдарға қарағанда сенімдірек көрінеді.

«Меніңше, Путин Алексейді қамаған бетте оны босату жайлы мүлдем ойланбаған. Карсиковпен алмастыруға келгенде Алексейді беру керектігін түсінген бетте оны өлтіру шешімін қабылдаған», - дейді Навальная.

Күйеуінің ісін жалғастыру жайында

Саясаткердің жесірінің айтуынша, ол көшбасшысыз қалған марқұм жарының жақтастарын қолдап, Владимир Путиннің режиміне қарсы ресейліктерге үміт сыйлау үшін күйеуінің ісін жалғастыруға бел буған.

«Ең бастысы, Кремель мен оның шенеуніктері мынаны ұғып алғандарын қалаймын: олар Алексейді өлтірген болса, мен оның орнын басамын. Егер олар маған тіс қайрап, әлдебір шара қабылдайтын болса, менің орныма басқа адам келеді», - дейді Навальная, әрі бұл шешімді қабылдамас бұрын ешкіммен ақылдаспағанын атап өтті.

Юлия Навальнаяның айтуынша, күйеуі екеуі оның ісін жалғастыруы жайында мүлдем сөйлеспеген. Саймон Шустердің Алексей Навальный өзінің өлімінен кейін ісін әйелінің жалғастыруын қалар ма еді деген сұрағына Юлия Навальная «ол жөнінде бал ашқым келмейді» деп жауап берді.

«Мұны жай қалдыруға болмайды деп ойлаймын. Егер олар Алексейді өлтіре салып, істі жылы жауып қоюға болады деп ойласа, олар өте қатты қателеседі», - дейді ол.

Ресейге салынған санкцияларға қатысты

Юлия Навальнаяның пікірінше, Батыстың Ресейге салып жатқан санкцияларының еш ықпалы да, әсері де жоқ.

«Олар тек кремельдік үгіт-насихатшыларға: «Қараңыздар, ұжымдасқан Батыс бізге қарсы шығып, санкцияларын салып жатыр!» деуге мүмкіндік береді», - дейді ол.

Сұхбат барысында Юлия Навальная атап өткендей, санкцияларды Ресейге салғаннан гөрі «оны Путиннің достары мен оның маңайындағыларға қарсы қолдану керек».

«Сол кезде ғана оның билігіне айтарлықтай соққы болар еді. Ал оның орнына Еуроодақ пен Ұлыбритания Алексейдің өлімінен кейін салған санкциялардың салқыны кездейсоқ адамдарға тиіп жатыр. Бұл санкиялар қатардағы қызметкерлерге қарсы бағытталып отыр», - дейді Юлия Навальная.

Оның айтуынша, санкциялардың мәселесін АҚШ президенті Джозеф Байденмен болған жеке кездесуде талқылаған.

«Біз санкияларды Путиннің маңайындағыларға салу керек деп айтқанымызды Батыс мүлдем естімейді», - деп атап өтті Юлия Навальная. Оның айтуынша, былтырғы жазда еуропалық ықпалды шенеуніктердің бірі оған Батыстың нық қадам жасап, сенімді шара қабылдай алмауының сыры «Путиннен кейін мүлдем қиын болады» деген қауіптерінде жатыр.

Оның пайымынша, Батыс елдері Путин мен оның достарына қатысты санкцияға келгенде кібіртіктеп қалуының басты себебі, ресейлік президенттің шамына тиіп кетсе, «ол қызыл батырманы басып, ядролық қаруды қолданады деген қауіптен үрейленеді». 

Ресейдегі наразылық көңіл-күй туралы

«Ресейде бұл билікке, режимге қарсылық білдірушілер өте көп және олар (ресейлік билік) осы адамдардың көбін өлтірсе де, олардың орнына басқалар келетініне күмәнім жоқ», - деп сенеді Юлия Навальная.

Оның айтуынша, Путиннің режимін қолдамайтын және Ресейдің Украинаға басып кіруіне қарсы шыққандардың барлығы «батыр болуға дайын» емес, сондықтан олар «қарапайым күн көріп жатыр».

Дегенмен оның айтуынша, адамдар мүмкіндік туған бетте көшеге шығуға дайын.

«Мәселен, соғысты жақтамайтын кандидаттың сайлауға түсуін қолдау үшін немесе «Путинге қарсы түскі шақ» секілді акциялар делік. Әлбетте күйеуімнің жерлеу рәсімін айтпағанда. Бұл жерлеу рәсімі кәдімгі шеруге айналып кетті. Алғашқы күні-ақ ол жерде 40 мыңға жуық адам болды... Олардың барлығы соғысқа қарсы екені анық байқалып тұрды. Олар соғысқа қарсы ұрандарын айқайлап жаттты», - деп атап өтті Юлия Навальная.

«Путинге қарсы түскі шақ» акциясына қатысты

Юлия Навальная сайлаудың соңғы күні ұйымдастырылған «Путинге қарсы түскі шақ» атты акциясының сәтті өткенін айтты.

«Соғыс уақытында әлдебір ұран не лайк үшін адамдарды қамап тастап жатқан қым-қуыт шақта адамдардың еш қорықпай көшеге шыға алатын ұрымтал сәтін табу өте қиын. Бұл демонстрация оларға сол мүмкіндікті сыйлады», – дейді шенеуніктің жесірі.

Оның айтуынша, өзі бюллетенді бүлдіріп: «Навальный» деп жазған екен.

Ресей мен Украинадағы ресейліктерге қатысты пікірі

Украинаға соғыс ашуды қолдамайтын ресейліктерді елемеу шешімі «Украина билігінің қателігі» деп атап өтті Юлия Навальная.

«Қарапайым украиналықтар барлық ресейліктердің оларға қарсы емес екенін түсінеді. Бірақ Украина үкіметіне келетін болсақ, менің ойымша, олар жақсы ниетті адамдарды ұмытпаса дұрыс болар еді. Бұл Ресейдің соғысы емес. Бұл Путиннің соғысы», - деді Юлия Навальная.

Қауіпсіздік және оққағарлары туралы

Юлия Навальная оққағармен жүргісі келмейтінін, бірақ сұхбаттасуға онымен бірге келгенін айтады. Оның айтуынша, оның күзет қызметі тек наурыздың ортасында – Вильнюсте күйеуінің серіктесі Леонид Волковқа шабуыл жасалғаннан кейін ғана пайда болған.

«Алексей екеумізде ешқашан күзет болған емес, менің ойымша, осынау батылдықтың жұрнағы, қауіпсіздікке бей-жай қарау Алексейден жұқты-ау», - деді ол.

Үгіт-насихат жайлы

Юлия Навальная ресейлік оппозицияның Батыспен диалогындағы негізгі проблеманы Еуропа мен АҚШ-тың «Путинді саясат деп санауы» деп есептейді. «Бірақ ол әлдеқашан саясаткер болудан қалды... Оның бірден-бір себебі Путиннің насихатпен жақсы жұмыс істеуді керемет меңгеруінде», - деп есептейді Юлия Навальная.

Оның айтуынша, Ресейде шынымен де көптеген адамдар «Путинсіз бәрі одан да нашарлауы мүмкін» және «олардың барлық мәселелеріне Путин емес, Батыс кінәлі» деп санайды. Бірақ Навальная айтқандай, «Путин адамдарды кедейшілікте ұстап тұрғандықтан», баламалы ақпарат көздеріне қолжетімділігі өте шектеулі болғандықтан ғана осы көзқарас жойылар емес.

Қысым мен айдап салу туралы

«Шынымды айтсам, ол (Путин) менен қорықса да, қорықпаса да маған бәрібір. Мен өз ісімді атқарамын. Дұрыс нәрсені істеймін. Путинге қарсы күресемін. Путин - менің жауым», - деген Юлия Навальная Ресей президентін күйеуінің өліміне жауапты деп санайтынын атап өтті.

Навальнаяның айтуынша, ол оған насихатшылар мен ресейлік билік тарапынан қысым күшеюіне дайын.

«Соңғы айларда маған қарсы үгіт-насихат жүргізіп, мен туралы жаңалықтарды үнемі ойлап тауып, жинақтап отырғандықтан, кейбір насихатшылар маған қарсы күресу керек деген идеяны өршіткені анық... Ресейдегі билік әрдайым өзіне кезекті дұшпан табуды ұнатады», - деді ол.

АҚШ вице-президенті Камала Харрис Юлия Навальнаяның Time журналына берген сұхбатына қатысты шағын ілеспе мақала жазды.

Харрис журнал оқырмандарына Юлия Навальная 16 ақпанда – Алексей Навальный қайтыс болған күні Мюнхендегі конференцияда сөйлеген сөзін еске салды.

АҚШ вице-президентінің айтуынша, сол күннен бастап Юлия Навальная «демократиялық құндылықтардың символы» ғана емес, олар үшін «батыл күрескерге» айналды. Камала Харрис Алексей Навальныйдың жесірінің «ерекше жанқиярлығы мен күш-қуатына» назар аударды.

«Сол күні (16 ақпанда) біз оның балалары туралы және оның отбасының, күйеуінің ғана емес, оның ісінің тағдыры туралы не ойлайтыны хақында әңгімелестік. Енді бүкіл әлемдегі адамдардың игілігі үшін Юлия Навальная әлемдік аренадағы көшбасшы рөлін өзіне алды», - деп жазады Камала Харрис.

Тегтер

×

Редакция

$ 471.46  504.79  5.53