Кремль Әзербайжан және Армения БАҚ-тары таратқан ақпаратты растады
Ресей үшжақты (Ресей, Әзербайжан және Армения) келісімге сәйкес, 2020 жылдың аяғынан бастап осы аймақта болған Таулы Қарабақтан бітімгершілерін шығара бастады. Армения және Әзербайжан БАҚ-тары хабарларын Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков растады, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
«Иә, бұл шынымен де солай», - деді ол журналистердің сұрағына жауап беріп.
Песков бұдан басқа толығырақ мәселенің мән-жайын ашып айтпады.
Таулы Қарабақтан Ресей контингентін шығарудың басталуы туралы 16 сәуір күні кешке Әзербайжанның АПА агенттігі хабарлады. Агенттік мәліметінше, Кяльбаджар ауданындағы Худаванг ғибадатханасының аумағынан ресейліктердің алғашқы құрамы мен әскери техникасы шығарылған.
Өз кезегінде армян басылымы News.am анонимді дипломатиялық дереккөзге сілтеме жасап, Ресей әскерлерінің Таулы Қарабақтан шығарылғаны туралы хабарлады. Басылымның мәліметінше, Ресей бітімгерлері біртіндеп шығарылады.
Ресейдің бітімгершілік контингенті 2020 жылдың күзінде қақтығыстың кезекті шиеленісуі нәтижесінде Әзербайжан, Армения және Ресей жасаған үшжақты келісімдерге сәйкес, Таулы Қарабақта орналасқан болатын.