Ұлыбритания: Ресей шетелдіктерді Украинадағы соғысқа тартуды тоқтатар емес

«Шетелдік азаматтарға Ресей паспорты мен тегін медициналық көмек және ай сайынғы 2200 долларлық жалақы уәде етіп отыр»

Нұрдәулет Кәкіш
16/04/2024 - 16:31

Фото: Sergey Pivovarov/REUTERS

Фото: Sergey Pivovarov/REUTERS

Ресей Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін шетелдік азаматтарды әскери қызметке тартуды жалғастыруда. Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің «арнайы бөлімшелеріне» шақырылғандарға қомақты ақшалай сыйақы мен Ресей паспорты ұсынылады. Бұл туралы Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі мәлім етті,  деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі DW агенттігіне сілтеме жасап.

Британдық Қорғаныс министрлігінің хабарламасында шетелдіктерге әскери қызметі үшін ай сайынғы жалақы 2200 доллар, бір реттік төлем 2000 доллар, Ресей Федерациясының төлқұжатын рәсімдеу, тегін медициналық көмек және оқыту ұсынылатыны айтылған.

«Ресей өз жеріндегі жұмылдыру шараларынан аулақ болғысы келетін шығар. Айтарлықтай шығындарды ескере отырып, күніне орта есеппен 913 сарбазынан айырылатын Ресей Федерациясы Қарулы Күштердің жеке құрамын құрудың жаңа мүмкіндіктерін зерттеп жатыр», - делінген Ұлыбритания әскери ведомствосынан.

Британдық барлаушылар мәліметі бойынша, 2023 жылдың ортасында ресейлік интернет сегментінде Орталық Азия елдерінен барған еңбек мигранттарын жұмысқа қабылдау туралы онлайн хабарландырулар таратылған. Оларға ұсынылған айлық жалақы 1973 долларды құраған.

2023 жылдың 15 мамырында Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғыс кезінде Қорғаныс министрлігімен бір жылға келісімшарт жасасқан шетелдіктердің Ресей азаматтығын алуына жеңілдік жасау туралы Жарлыққа қол қойды. Осыдан кейін Ресей Федерациясының азаматтығын алуға өтініш білдірген мигранттар әскери қызметке келісімшарттар жасауға мәжбүр болып, әскери комиссариатқа анықтама алу үшін жіберілген жағдайлар жиілеген. Бұқаралық ақпарат құралдарында Ресей армиясына Үндістан мен Непал азаматтары да тартылатыны туралы хабарламалар пайда болды.

Шет мемлекеттің армиясындағы жалдамалы қызмет Орталық Азияның елдерінде қылмыс болып саналады. Сондықтан Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отыруға келіскен мигранттар Отанына оралған жағдайда қылмыстық қудалауға ұшырайды.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85