Ауғанстандағы су тасқыны салдарынан 30-дан аса адам қаза тапты

600-ден астам үй қирап, 200-ге жуық мал қырылған

Нұрдәулет Кәкіш
15/04/2024 - 09:19

Фото: SANAULLAH SEIAM/AFP/Getty Images

Фото: SANAULLAH SEIAM/AFP/Getty Images

Ауғанстанда маусымдық жаңбырдан туындаған су тасқыны кем дегенде 33 адамның өмірін қиған. Тағы 27 адам жарақат алды. Бұл туралы «Талибан» радикалды исламшыл қозғалысының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі DW агенттігіне сілтеме жасап.

Ауғанстанның табиғи апаттарды жою министрлігінің өкілі Абдулла Жанан Сайек 12 сәуірде ел астанасы Кабулда және елдегі бірнеше провинцияда су тасқыны тіркелгенін айтты. Оның айтуынша, 600-ден астам үй қирап, 200-ге жуық мал қырылған. Су тасқыны 800 гектарға жуық ауылшаруашылық алқабы мен 85 шақырымнан астам жолды зақымдағанын атап өтті Сайек.

Жергілікті ауа райы басқармасы өз кезегінде Ауғанстанның 34 провинциясының көпшілігінде алдағы күндері жаңбыр жауады деп ескертті. Жауын-шашынның көп бөлігі Газни, Кабул, Кандагар және Нангархар провинцияларында болады деп болжануда.

«2021 жылы Ауғанстанда «Талибан» билікті басып алғаннан бері осы Азия еліне шетелдік көмек көлемі тыйылды. Бұл табиғи апаттардың салдарын жоюды қиындатады», деп хабарлады AFP агенттігі.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85