Лахайна қаласы жермен-жексен болды: Гавай аралдарындағы өрт 36 адамның өмірін жалмады

Жергілікті билік аймақты қалпына келтіру үшін талай жыл қажет екенін мәлім етті

Нұрдәулет Кәкіш
10/08/2023 - 23:44

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Гавай аралдарындағы алапат өрттен 36 адам көз жұмып, Мауи аралындағы туристерге танымал Лахайна қаласының көп бөлігі жойылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі CNN-ге сілтеме жасап.

Гавай губернаторы Джош Гриннің айтуынша, 9 мың тұрғыны бар туристік және экономикалық орталық Лахайнаның көп бөлігі қирап, жүздеген отбасы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

«Лахайна енді жоқ», - деді қала тұрғыны Марк Стефл CNN-ге.

Жергілікті биліктің мәліметінше, Мауиден туристерді қосқанда 11 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Тағы 1,5 мың адам қауіпсіз аймаққа көшіріледі деп жоспарланып отыр. Әуежайға апаратын негізгі магистральдің жабылуы жағдайды қиындатып тұр. Дегенмен жолдар біртіндеп ашылып жатыр.

Мауиден 1,3 мың шақырым қашықтықта соғып тұрған Дора дауылының лебінен пайда болған қатты жел салдарынан өрт тез өршіген. Өрт ошақтарының көбі әлі өшірілмеген.

Сәрсенбіде басталған тілсіз жау салдарынан көптеген жергілікті тұрғын үйлер мен бизнестер өртке оранған. Жергілікті билік аймақты қалпына келтіру үшін талай жыл қажет екенін мәлім етті.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91