«Жалақы – 240 мың рубль»: «Вагнер» жендеттер жалдауды бастады

Жалдамалы әскерилерге Мали елінде әскери операциялар жүргізу жүктеледі

Sarbaz.kz редакторы
05/04/2024 - 17:22

Фото: Yaremshooter / Telegram

Фото: Yaremshooter / Telegram

«Вагнер» жеке әскери компаниясы осы жылдың ақпан айынан бастап Африкаға жіберу үшін жалдамалы сарбаздарды тарта бастады, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі «Верстка» басылымына және Nordsint жобасына сілтеме жасап.

Бір жылға созылған үзілістен кейін «Вагнер» Африкаға жіберілетін адамдарды жалдауды қайта бастады. Осыған дейін 2023 жылдың наурыз айында Украинадағы соғысқа қатысу үшін жалдамалы топтардың құрылуына байланысты тоқтатылған болатын.

«Вагнер» ұйымы шақырғандарды шабуылдаушы жасақтар құру үшін пайдаланады. Олардың кейбірі ұшқышсыз басқару отрядына да жіберіледі. Ресейліктермен қатар Беларусь азаматтары да жұмысқа қабылданады. Олар 22 мен 50 жас аралығындағы ер адамдарды іздеп жатыр. Мәлімет бойынша алты айлық келісімшартқа сәйкес, 240 мың рубль жалақы төленіп, өмірі сақтандырылады. Сол сияқты Украинаға соғысуға барғысы келетіндерге де осындай шарттар ұсынылды.

«Ең білімділері ұшқышсыз ұшу аппараты бөліміне жіберіледі. Ал одан кейінгілері шабуыл жасағының құрамына кіреді», - деді жалдаушылардың бірі топтың әлеуетті «қызметкерлерімен» сөйлескенде.

«Фрейзер» қоңырау белгісі бар рекрутердің айтуынша, Африкаға барғысы келетіндердің қарасы қалың.

«Олар енді Украинаға барғысы келмейді. Ал Африкада мұндай қауіп жоқ. Ауа райы да жайлы», - деп қосты ол.

Тергеуде айтылғандай, «Вагнер» ұйымы жалдамалы әскерилерге Батыс Африкадағы Мали елінде әскери операциялар жүргізуді жүктейді. Бұл елде билікте отырған әскери адам Ассими Гоита «Вагнердің» жаңа командирі Антон Елизаровпен келісімді ұзартты.

Қорғаныс министрлігінің қызметкері басылымға ақпан айының ортасынан бері бірнеше мың ресейлік әскери қызметші Украинадан Африкаға жіберілгенін айтты. Олардың кейбірі «Вагнер» ұйымының атын жамылып, ал кейбірі тікелей Ресейдің қорғаныс министрлігінен барды.

Базалардың бірі Ливияның Бенгази қаласына жақын жерде орналасқан. Ол жерден жалдамалы жендеттер континенттің оңтүстігіндегі басқа елдерге тасымалданады. Бірнеше «еріктілер» тобы «алыс жерлерге» аттанып кеткен болуы да мүмкін.

«Вёрстка» басылымының жазуынша, «Вагнер» Африкада 2017 жылдан бері бар. Олардың мүдделеріне 32 ел кіреді: Мали, Мозамбик, Орталық Африка Республикасы, Судан, Буркина-Фасо, Бенин, Эритрея, Зимбабве, Мадагаскар, Комор аралдары одағы, Конго, Гвинея, сондай-ақ Оңтүстік Африка, Эфиопия, Габон, Нигерия.

Бұл елдерде Пригожин ұйымдары жергілікті билік органдарына әскери көмек көрсетеді, оларды қару-жарақпен қамтамасыз етеді, саяси кеңестер береді және табиғи ресурстарды өндірумен айналысады. Financial Times Пригожиннің Африка мен Таяу Шығыстағы табиғи ресурстарды өндіруден түскен табысын 250 миллион долларға бағалады.

Пригожин 2023 жылдың тамызында қаза болардан бірнеше күн бұрын Африкада болды. Сонымен бірге ол «Вагнер» ұйымы Африканы «қазіргіден де еркін» ететінін және ИГИЛ, «Аль-Каида» секілді террорлық ұйымдардың үрейіне айналып қана қоймай, табиғи ресурстарды іздестіретінін айтқан. Журналистік зерттеулер мен БАҚ басылымдарына қарағанда, «Вагнердің» Африкадағы қызметі тоқтаған жоқ.

Осыған дейін Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің басшылығымен «Африка корпусының» құрылғаны туралы хабарланған болатын.

Тегтер

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85