«Адамзатқа қауіп төндіреді»: Нобель сыйлығының лауреаттары Путин режимімен күресуге шақырды

Үндеу авторларының айтуынша, соғыс тек Украина мен Ресейге ғана қатысты емес

Sarbaz.kz редакторы
29/03/2024 - 10:57

Фото: Sputnik / Рамиль Ситдиков

Фото: Sputnik / Рамиль Ситдиков

Нобель сыйлығының 40-қа жуық лауреаты Украинаға қолдауды арттыруға және Ресейдегі саяси тұтқындарды қорғауға шақыратын ашық үндеуге қол қойды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі DW агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Нобель сыйлығының 39 лауреатынан тұратын топ әлем көшбасшыларын Украинаға көмекті айтарлықтай арттыруға шақырды.

«Украина бұл соғыста «жеңілмеуі» емес, тек жеңуі керек. Украиналықтарға дер кезінде көмек көрсету адам өлімін азайтып, агрессорды өз жерінен қуып шығуға көмектеседі», - делінген үндеуде.

Үндеу авторларының айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин бастаған соғыс тек Украина мен Ресейге ғана қатысты емес.

«Путиндік режим бүкіл адамзатқа тікелей және айқын қауіп төндіретінін көрсетті», - деп жазады олар, бұл қауіп Алексей Навальный мен басқа да ресейлік оппозиция жетекшілері ескерткенін мысалға келтіріп.

Хатта көптеген елдердің үкіметі Путиннен келген қауіпке бей-жай қарап, оның орнына Адольф Гитлер билігінің алғашқы күндері сияқты қауіпті тыныштандыру саясатын жүргізіп жатқаны атап өтіледі. Әлемдегі саясаткерлер мен азаматтар «Путин мен оның қылмыстық режимі туралы кез келген елестен бас тартуы керек» дейді ғалымдар. «Тарих бізге агрессорды тыныштандыру адамзатқа қарсы қылмыстардың одан әрі өршуіне әкелетінін үйретеді. Мұны ешбір уақытша жеңілдіктер ақтай алмайды. Біз 1938 жылғы Мюнхен оқиғасының қайталануына табанды түрде қарсымыз!» - делінген үндеуде.

Халықаралық қауымдастық Ресейдегі саяси тұтқындарды қорғауы керек, делінген үндеуде.

Сонымен бірге Нобель сыйлығының лауреаттары Ресейдегі демократиялық оппозицияны қолдауға шақырды.

«Халықаралық қауымдастық Ресейде азаптауға ұшыраған саяси тұтқындарды қорғау үшін бірігуі керек. Оппозиция лидерлері Владимир Кара-Мурза, Илья Яшин, Лилия Чанышева және тағы басқалардың өміріне қауіп төніп тұр», - делінген хатта.

Үндеу авторлары сондай-ақ репрессияға ұшырау қаупі бар және саяси баспанаға мұқтаж ресейлік азаматтарға қолдауды күшейту, сондай-ақ ресейлік демократиялық ұйымдарды, оның ішінде тәуелсіз БАҚ-ты қолдау қажеттігін айтады. Бұған қоса, ғалымдар Путинді заңды сайланған президент ретінде мойындамауға шақырды.

«Әлем көшбасшыларының Путинді қайта сайланған президент ретінде мойындаудан бас тартуы әлемге оны «серіктес» деп санауға болмайтыны туралы күшті ескерту береді», - деп жазады олар.

Ашық үндеуге 2015 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, беларусь жазушысы Светлана Алексиевич пен 2022 жылы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын жеңіп алған украиналық құқық қорғаушы, «Азаматтық бостандықтар орталығы» ұйымының жетекшісі Александра Матвичук қол қойды. Құжатқа қол қойғандар арасында әдебиет бойынша Нобель сыйлығының неміс тілді лауреаттары Эльфриде Йелинек пен Герта Мюллер де бар.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91