НАТО-ның Бас хатшысы ресми іс-сапармен Арменияға барды

Бұл – Столтенбергтің осы аймаққа 2020 жылдан бергі алғашқы сапары

Sarbaz.kz редакторы
20/03/2024 - 19:33

Фото: nato.int

Фото: nato.int

НАТО Бас хатшысы Столтенберг пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереванда бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі РБК-ға сілтеме жасап.

«Біз НАТО-мен саяси диалогты дамытуды жалғастыруға және НАТО-мен де, жекелеген мүше елдермен де серіктестікті кеңейтуге мүдделіміз», - деді Никол Пашинян.

Столтенберг жауап ретінде Арменияның Украинамен ынтымақтастығын құптайтынын мәлімдеді. Ол НАТО мен Армения арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға және аймақтағы бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеу үшін бірлесіп жұмыс істеуге үміттенетінін айтты.

«Біз Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылықтың маңыздылығын талқыладық, ол әлемдегі еуроатлантикалық қауіпсіздік үшін маңызды. Армения мен Әзірбайжан бүгінде көптеген жылдар бойғы қақтығыстардан кейін бейбітшілікке қол жеткізуге мүмкіндік алады. Сондықтан мен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге жол ашатын келісім жасасуға шақырамын», - деді НАТО Бас хатшысы.

Армения ҰҚШҰ әскери альянсының мүшесі және бұл елге Ресейдің қауіпсіздік пен экономика саласындағы ықпалы зор. Бірақ соңғы жылдары Армения Ресей үкіметінен алшақтап, батысқа жақындап барады.

Республика басшылығы Еуроодақпен байланысты жандандырды. Оның аумағында бір жылдан астам уақыт бойы ЕО-ның Азаматтық бақылау миссиясы жұмыс істеп келеді. Ереван да одаққа кіруге үмітті екендіктерін білдіруде.

«Армения халқының еуропалық ұмтылыстары бар және мен айтқанымдай, біз бұл процестен өтіп жатырмыз, оның қалай аяқталатынын көреміз. Оны ешкім болжай да алмайды, сенімді де бола алмайды», - деген болатын Армения СІМ басшысы Арарат Мирзоян 9 наурызда.

Ақпан айында ел ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтату туралы жариялады. Пашинян өткен жылы Әзербайжан мойындамаған таулы Қарабақ Республикасын жойғаннан кейін Ресейдің әскери қолдауының жоқтығына наразылық білдірді.

Столтенбергтің бұл сапарына Кремль де көп ұзамай өз көзқарасын білдірді.

«НАТО-ның Кавказбен байланысты нығайтуға қатысты жалпы ұмтылыстары бізге белгілі. Сондай-ақ НАТО-ның өз ықпалын қандай да бір жолмен кеңейтуге тырысуы Кавказда тұрақтылық пен жағдайды жақсартуға мүмкіндік бермейді деген түсінік бар», - деді Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков

Арменияға барар алдында Оңтүстік Кавказ елдеріне сапарлаған Йенс Столтенберг Әзербайжан мен Грузияда да болып қайтқан.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85