«Бұл – авторитарлық биліктің өзін-өзі растау рәсімі»
РФ ОСК-ның алдын ала мәліметтері бойынша Владимир Путин сайлауда 87 пайыздан аса дауыс жинап, рекордтық көрсеткішпен жеңіске жетті. Бірақ батыс елдері бұл сайлауды мойындамады. Ал Кремльдің кейбір одақтасы Путиннің мақтауын асырды. Ресейдегі 2024 жылғы президент сайлауына әлемнің көзқарасы қалай? Толығырақ Sarbaz.kz порталында.
«Путинге хат болмайды»
ВВС агенттігі хабарлағандай, Германия Ресейдегі бұл сайлауды «цензураға, қуғын-сүргінге және зорлық-зомбылыққа негізделген авторитарлық билеуші кезіндегі жалған сайлау» деп атады.
Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Путинді құттықтағысы келмейтінін ашық айтты.
«Путинге хат болмайды», - деді ол.
Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Керстин Гаммелин мәлім етті.
Ал Франция Сыртқы істер министрлігінде «еркін, плюралистік және демократиялық сайлаудың шарттары қайтадан орындалмады» деп мәлімдеп, олар сайлаудың бейтарап халықаралық бақылаусыз өткенін атап өтті.
«Ресейдегі президенттік сайлауды заңды, еркін және әділ деп санауға болмайды», - деді Польша СІМ мәлімдемесінде. «Дауыс беру халыққа қарсы ең қатал репрессия жағдайында өтті, еркін демократиялық таңдауға мүмкіндік берілмеді».
Репрессия тақырыбын кейінірек Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Лорд Дэвид Кэмерон да жалғастырды.
«Путин өзінің саяси қарсыластарының көзін құртады, бұқаралық ақпарат құралдарын бақылауда ұстайды, содан кейін өзін жеңімпаз етіп тағайындайды. Бұл демократия емес», - деді ол.
Кэмерон соғысқа қарсы көзқарасы бар кез келген кандидатты дисквалификациялауды, Алексей Навальныйдың қайтыс болуын және Украинадан басып алған Қырым, Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарында да дауыс беруді сынға алды. Сонымен қатар ол барлық саяси тұтқындарды, соның ішінде екі азаматтығы бар (Ұлыбритания мен Ресей - Ред.) Владимир Карамурзаны дереу босатуды талап етті.
Литва СІМ басшысы Габриэлюс Ландсбергис Ресейдегі сайлауды демократиялық ерік-жігер деп санауға болмайтынын айтып, Вилюнюс оның нәтижелерін мойындамайтынын атап өтті.
«Бұл – демократиялық сайлау емес, авторитарлық биліктің өзін-өзі растау рәсімі. Ресейдегі сайлау әділ де, еркін де емес», - деді Эстония Сыртқы істер министрі.
Еуропалық Одақтың Жоғарғы өкілі Жозеп Боррелдің мәлімдемесінде жалпы сайлауды мойындамау туралы айтылмады. Дегенмен саяси бәсекелестіктің қуғын-сүргіні мен шектеулерінен басқа, Мәскеу ЕҚЫҰ шеңберіндегі міндеттемелерін бұза отырып, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының бақылаушыларын шақырмағанын сөз етті.
«Бұл сайлау еркін де, әділ де емес, өйткені Путин мырза саяси қарсыластарын түрмеге қамап, басқалардың сайлауға түсуіне жол бермеді», - деді Ақ үйдің Ұлттық Қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби брифингте.
Кирбидің сөздеріне түсініктеме берген Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков оны «маңызды пікір емес» деп мәлімдеді.
Украина президенті Владимир Зеленский:
«Бұл қайраткердің, тарихта жиі кездесетіндей, жай ғана билікпен ауырып, өмір бойы билік ету үшін бәрін жасайтынын бүкіл әлем түсініп отыр», - деді.
«Күтпеген нәтиже болды»
Путинді президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтағандардың қатарында Беларусь көшбасшысы Александр Лукашенко, КХДР басшысы Ким Чен Ын, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Боливия президенті Луис Арсе, Никарагуа президенті Даниэль Ортега, Венесуэла президенті Николас Мадуро, Мьянма премьер-министрі Мин Аун Хлаин, Гондурас президенті Сиомара Кастро, Әзербайжан президенті Ильхам Алиев, Иран президенті Эбрахим Раиси және Куба СІМ басшысы Бруно Родригес Паррилла болды.
БелТА агенттігінің хабарлауынша, Лукашенко Путинді телефонмен құттықтағанын және сайлау нәтижелерін «таңқаларлық» деп атағанын айтты.
«Нәтижелер таңқаларлық және дауыс берушілер көрсеткіші өте жоғары болды. Ресей Федерациясында мұндай дауыс беру көрсеткіші ешқашан болған емес. Сондықтан жоғары көрсеткіш кезінде бұл тіпті күтпеген нәтиже болды. Бұл менің көзқарасым еді, оған да (Путинге – ред.) осылай айттым», - деді Лукашенко.
Қытайдың көшбасшысы Си Цзиньпин де Путинге қоңырау шалып, оның басшылық етуімен Ресейдің ұлттық дамуы жағынан бұдан да үлкен жетістіктерге жететініне» сенім білдірді, деп хабарлады Қытайдың Орталық телеарнасы.