«Сириядағы аяқталмаған істі аяқтаймыз»: Ердоған әскерилер алдында жоспарын жариялады

«Мықты армияның болуы – біз үшін артықшылықтан гөрі міндет»

Нұрдәулет Кәкіш
19/03/2024 - 16:42

Фото: Анадолы

Фото: Анадолы

Түркия президенті осы жазда Иракпен шекарасының қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Режеп Тайып Ердоған елдің 4-корпусының қолбасшылығындағы ауызашар кезінде әскерилер алдында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

«Бүгін біз Чанаккаледағы теңіз Жеңісінің 109 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Чанаккале – бұл сенім мұхиты, ал Чанаккаледағы осы сенім мұхитында ХХ ғасырдағы крестшілер әскері жерленген. Чанаккале – бұл тарихтағы ең үлкен теңіз жеңістерінің бірі ғана емес, сонымен бірге құрып кете жаздаған мемлекет пен жойылудың аз-ақ алдында қалған ұлттың сенімі мен рухын оятып, қайта көтерілуі», - деді Түркия президенті.

Сонымен қатар ол Түркия әуе кемесін өз күшімен салғанын еске салып, одан да үлкен тасымалдаушы кеменің, сондай-ақ ұшқышсыз сүңгуір қайықтардың жасалатынын жариялады.

«Мықты армияның болуы – біз үшін артықшылықтан гөрі міндет. Біз армияны әрқашан ең жоғары деңгейде жасақтап, қолдайтын елміз, ұлтпыз. Түрік ұлты ретінде бізді тек өз білегіміз, өз күшіміз, дамыған құралдарымыз бен мүмкіндіктеріміз жаулардан қорғай алады», - деді Ердоған.

Сондай-ақ Ердоған Түркия қанды террористік ұйымдармен күресті жалғастыратынын мәлімдеді.

«Біз оның артында кім тұрғанына қарамастан, Оңтүстік шекарамызда террористік мемлекет құруға жол бермейміз. Біз осы жазда Иракпен шекарамыздың қауіпсіздігін толығымен қамтамасыз етеміз және Сириядағы аяқталмаған ісімізді аяқтаймыз. Біздің мақсатымыз – ұрпақтарымызға терроризмнен таза Түркияны қалдыру», - деді Түркия президенті.

Тегтер

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85