Тәуелсіз кандидаттар тіркелмеді: Ресейде президент сайлауы басталды

Сайлау қорытындысы бойынша Владимир Путиннің бесінші рет президент болатынына көпшілік күмән келтіріп отырған жоқ

Нұрдәулет Кәкіш
15/03/2024 - 15:51

Фото: SERGEI KARPUKHIN/TASS

Фото: SERGEI KARPUKHIN/TASS

Ресейде президенттік сайлауда дауыс беру басталды. 15 наурызда таңертең учаскелер шығыс аймақтарда, содан кейін бүкіл елде ашылады. Дауыс беру үш күнге созылады, өңірлердің үштен бірінде ол электрондық форматта жүргізіледі, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Сайлау қорытындысы бойынша Владимир Путиннің бесінші рет президент болатынына көпшілік күмән келтіріп отырған жоқ.

Осы сайлауда қазіргі президент Путинмен «бәсекелесуге» үш кандидатқа мүмкіндік берілді. Олар – РФКП депутаты Николай Харитонов, ЛДПР басшысы Леонид Слуцкий және «Новые люди»-ден Думаның вице-спикері Владислав Даванков. Олардың ешқайсысы Украинадағы соғысты айыптамайды және Путинді тікелей сынамайды.

Тәуелсіз кандидаттарға сайлауға қатысуға жол берілмеді. РФ Орталық сайлау комиссиясы Ржев қаласынан журналист Екатерина Дунцова мен «Гражданская инициатива» партиясының атынан бақ сынамақ болған саясаткер Борис Надеждинді тіркеуден бас тартты. Екеуі де Украинаға басып кіруді сынға алып, соғысты тоқтатуды жақтаған болатын.

Владимир Путин үшін бұл бесінші сайлау болып отыр. 2020 жылы ол Мемлекеттік Думаның көмегімен Ресей Конституциясын қайта жазып, өзінің президенттік мерзімін «нөлге» айналдыруының арқасында Мемлекет басшысы лауазымына қайта сайлануға мүмкіндік алған болатын.

Ақпан және наурыз айларында сайлауалды науқан кезінде Путин әскерилермен, жұмысшылармен, ғалымдармен, фермерлермен және жастармен кездесіп, бүкіл Ресейдің көптеген өңірін аралады.

«Алайда бұл іс-шаралардың барлығы сайлауалды науқан делінгенмен, онда «сайлау» деген сөз де, жұртшылықты учаскелерге келуге шақыру да естілмеді», - деп хабарлады ВВС агенттігі.

Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, қалған кандидаттар саяси науқан кезінде көбірек дауыс жинауға аса ынта танытпаған. Олардың арасындағы бақталастық тек екінші орын үшін жүргізіледі.

«Медуза» жазғандай, Кремльдің бұл сайлаудағы басты мақсаты – елдің 70-80% халқы дауыс беріп, жоғары белсенділік танытуы. Сайлаушылардың 80% Президент әкімшілігінің «өтініші» бойынша Владимир Путинге дауыс беруі керек.

Еуропалық Одақ Ресейдегі президент сайлауына бұл жолы байқаушылар жіберуден бас тартты.

«Егер Еуропалық Парламенттің кез келген мүшесі осы сайлауға түсініктеме беру туралы шешім қабылдаса, ол мұны өз бастамасымен жасайтындығы және ешқандай жағдайда Еуропалық Парламентке өз мәлімдемелерінде немесе іс-әрекеттерінде сілтеме жасамауы керек» делінген ЕО құжатында.

Жақында түрмеде жұмбақ жағдайда қайтыс болған ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың әйелі Юлия Навальная The Washington Post газетіне жазған мақаласында Еуропаның байқаушы жіберуден бас тартуы Владимир Путиннің заңдылықтан бас тартуы бүкіл әлем үшін де, Ресейдің азаматтық қоғамы үшін де, Кремльге әлі де адал элита тобы үшін де маңызды сигнал болатынын атап өтті.

«Яғни Ресейді ешкім мойындамайтын, көпшілік алдында сотталған қылмыскердің басқарып отырғаны туралы сигнал болады», - делінген Юлия Навальнаяның мақаласында.

Ресей билігі сайлауда ресейшіл партиялардан еуропалық саясаткерлерді бірнеше рет «бақылаушы» ретінде тартты. Атап айтқанда, 2024 жылы неміс БАҚ-тары хабарлағандай, Ресейге осы мақсатта Бавария Парламентінің үш мүшесі Андреас Юрка, Елена Роон және Ульрих Сингер барды.

Депутаттардың сапары, соның ішінде өз партиясында сынға алынды. Tagesschau мәліметтері бойынша, басшылықтары тарапынан бұл депутаттарға Ресей Федерациясына 2024 жылдың 13-19 наурызы күндеріне жоспарланған сапарға бармауға кеңес берген.

Айта кетсек, биылғы президент сайлауында Ресей күшпен басып алған Украинаның төрт өңірінің тұрғындары алғаш рет дауыс береді.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85