Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы БҰҰ-ның Халықаралық Сотынан Израильдің Палестина территориясындағы әрекеттерінің құқықтық салдарын бағалауды сұрады
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы БҰҰ Халықаралық Сотынан Израильдің Палестина территориясындағы әрекеттерінің құқықтық салдарын бағалауды сұрады. Тыңдаулар ХАМАС шабуылынан кейін Газа секторындағы Израиль операциясының аясында өтеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі DW агенттігіне сілтеме жасап.
БҰҰ Халықаралық соты 19 ақпан күні, дүйсенбіде 1967 жылдан бастап Палестина территориясындағы Израиль әрекеттерінің құқықтық салдары туралы тыңдауды бастайды. Бұл процесте 52 мемлекеттің өкілдері сөз сөйлейді деп күтілуде.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2022 жылдың желтоқсанында Дүниежүзілік ұйымның халықаралық сотына Израильдің басып алынған Палестина территориясындағы, соның ішінде Шығыс Иерусалимдегі саясаты мен тәжірибесінен туындайтын құқықтық салдарды бағалауды сұрады. Сонымен қатар Гаагадағы соттан Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа елдер үшін қазіргі жағдайдың салдары қандай деген сұраққа жауап күтілуде.
БҰҰ Халықаралық сотының консультативтік қорытындысы міндетті болып саналмайды. Бұл процесс Израильге радикалды исламшыл ХАМАС қозғалысының шабуылына жауап ретінде Газа секторындағы әскери операциясына байланысты Халықаралық заңды қысымның күшеюі аясында өтеді.
1967 жылғы алты күндік соғыс
1967 жылы араб мемлекеттерінің коалициясына қарсы алты күндік соғыс кезінде Израиль Голан биіктерінің едәуір бөлігін және Шығыс Иерусалимді басып алып, кейінірек ол жерлерді өздеріне қосып алды. Сонымен қатар Израиль әлі күнге дейін Иордан өзенінің батыс жағалауындағы еврей қоныстарына өзінің егемендігін нақтылаған жоқ. Израильдің осы аумақта тұрғын үй салуы көпжылдық Палестина-Израиль қақтығысын шешудегі негізгі кедергілердің бірі болып саналады.
ХАМАС-тың Израильге шабуылы
Таяу Шығыстағы қақтығыстың күшеюі 2023 жылдың 7 қазанында Еуропалық Одақ пен АҚШ-та террористік ұйым ретінде танылған радикалды исламшыл ХАМАС қозғалысы Израильге жаппай шабуыл жасағаннан кейін басталды. Террористер Израильге жаппай зымыранмен шабуылдап, оның аумағына басып кіріп, қазіргі Израиль мемлекетінің тарихындағы бейбіт тұрғындарға қарсы ең жаппай қырғын жасады. Оның құрбандары 1400 адам болды. Содырлар 240-тан аса адамды кепілге алып, оларды Газа секторына алып кетті.
Израиль жауап ретінде ХАМАС-қа соғыс жариялады. ЦАХАЛ ХАМАС-тың бақылауындағы халық көп шоғырланған Палестина аймағына жаппай соққы беріп келеді. Сонымен қатар құрлықтағы әскери операция да жүргізуде. ХАМАС бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Газа секторында 29 мыңға жуық адам қаза тапты. Бірақ бұл деректерді тәуелсіз көздер бойынша растау мүмкін емес.