Аштық, соғыс, жаңа туған нәресте: Газа тұрғыны басынан кешкен оқиғалар туралы айтты

Соғыс басталғалы бері Газада тәулігіне шамамен 190 сәби өмірге келеді

Sarbaz.kz редакторы
19/02/2024 - 17:30

Фото: Александр Ермоченко / Reuters

Фото: Александр Ермоченко / Reuters

Ата-ана үшін сәбиіне пайдалы, дұрыс тамақ таңдау оңай емес. Бірақ қақтығыс жүріп жатқан Газа секторында дүниеге келген 22 000 баланың ата-анасы үшін тамақ таңдау – қолжетпес арман деп те айтуға болады. Олардың басым бөлігі жаңа туған нәрестелерін аман алып қалу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр, деп жазады BBC агенттігі.

Қақтығыс аймағында өмірге келген сәбилердің бірі – Мұхаммед. Қаңтар айының ортасында сәбидің анасы – Амаль қауіпті сапарға шығуға бел буады. Анасының айтуынша үш айлық сәбиінің небәрі екі күндік сүт қоспасы ғана қалыпты.

«Баламды тамақтандыру үшін тауды қопаруға дайынмын. Балам сүт қоспасынан басқа ешнәрсе ішіп-жей алмайды».

Амаль отбасымен бірге Газаның оңтүстігіндегі Хан Юнис қаласына жақын жерде жер үйде тұратын. Ал қазір Израильдің қарулы күштері бұл маңайды күндіз-түні атқылап жатыр.


Фотода: Нұх пен Мұхамед

Тіске басар ешнәрсе қалмады. Амалсыздан үш айлық сәбиі Мұхаммед пен үлкенірек ұлы Нұхты туыстарына қалдырып, Рафах қаласын бетке алды.

«Қазір Рафахқа кетіп барамын, тіске басар бірнәрсе табуға тырысамын. Алла қаласа, балама қажет сүт қоспасын бүгін табамын деп ойлаймын», - деді ол. Дауысынан үрей байқалғанмен, баласы үшін жанын пида етуге дайын екенін байқауға болады.

Арада бірнеше сағат өткен соң BBC тілшісіне мынадай хабарлама жолдады:

«Қайтар жолда мінген көлігімізге жолда израильдік танктер шабуыл жасады. Қазір Рафах қаласынан шыға алмай қалдым. Балаларымды енді қайта көре аламын ба, білмеймін», - дейді ол.

Оқиғаның қалай өрбігенін кейінірек Амальмен бір көлікте болған досы жалғастырды. Оның айтуынша, қайтар жолда үш танкке тап болыпты, олардың біреуі оқ жаудырған, абырой болғанда, снаряд көліктің дәл жанында жарылған. Жүргізуші қорыққанынан артқа жүріп, аман қалыпты.

Кешке қарай олар Хан Юнис қаласына аман-есен жетіпті, бірақ сүт қоспасы жоқ.


Фотода: Соғысқа дейін Нұх екеуі

Оқиғаны басынан бастайық, 2023 жылдың 7 қазаны күні Амаль 3 жасар сәбиі Нұхпен бірге ұйықтап жатқанында үйінің маңайынан атылған снарядтың жойқын дауысынан оянады. Баласын көтеріп, қайда қашарын білмеді.

«Қайда қашарымды білмедім. Себебі, жарылыстың ащы дауысы барлық тұстан шығып жатты», - деп еске алды.

Бұл ХАМАС ұйымының Израильге жасаған шабуылының алғашқы сәттері болатын. Сол күні шекараның арғы бетіне мыңдаған зеңбірек атылды. Көп ұзамай Израиль де қарсы шабуылға шықты.

Айналасында не болып жатқанынан басты кейіпкеріміз – Амаль мүлдем бейхабар болатын. Қолында үш жасар сәбиі, жатырында 8 айлық нәрестесі бар. Қатты қорыққанынан ішінен қан кете бастаған. Ауруханаға жылдам жетуі қажет еді, ал күйеуі Батыс жағалауда жұмыс істеп жүр. Үйінде баласы екеуі ғана. Күйеуі Әли Газа секторына кіріп, бала-шағасын әлі алып кете алмай жүр.


Фотода: Күйеуі Әли екеуі, соғысқа дейін

«Көлікті кем дегенде үш сағат күттім», - дейді ол. Бірақ такси жүргізушілерінің бірі оны діттеген жеріне жеткізе алмады. Амалы қалмаған ол басқа көлікті күтуіне мәжбүр болған.

«Көшеде адам көп болды. Олардың бәрі қатты қорыққан. Не істерін, қайда барарын білмей жүр. Біз тек айналамызда жарылып жатқан бомбалардың дауысын естіп тұрмыз», - деп сөзін жалғады кейіпкеріміз.

Ал оның денесінен қан кетіп жатты. Ауруханаға жеткенінде, оған бірден кесарь тілігі арқылы босандыру шарасы қолданылды. Баласы Мұхамед күндіз сағат 11-де өмірге келді.

Перзентханадан шыққаннан кейін Амаль күш жинау үшін балаларымен бірге ата-анасының үйіне көшіп барады. Жолда жаңа туған шақалағына қажетті заттар, сол сияқты эпилепсиядан ауыратын үлкен ұлына дәрілер сатып алды.

«Соғыс көп болса, бір айға ғана созылатын шығар деп ойлап едім», - дейді ол.

Газада тұратын әйелдер балаларын алты аптадан ұзағырақ емізеді. Себебі, бұл – БҰҰ-ның ұсынысы.

«Қақтығыс басталғаннан кейін нәрестені емізу қиын болатыны түсінікті еді. Егер сіз балаңызды емізбесеңіз және қақтығыстың ортасында болсаңыз, бірден емізе алмайсыз. Сүт қоспасына толықтай тәуелді боласыз», - дейді БҰҰ Балалар қорының (UNICEF) төтенше жағдайдағы балалар тағамы жөніндегі аға кеңесшісі Ану Наяран.

Ал Амаль жаңа туған сәбиі Мұхамедті бір ай бойы емізді. Бірақ күнделікті үрейден, қақтығыстың ортасында жүргендіктен сүт жеткіліксіз болатын.

«Үнемі үрей мен қорқыныштың ортасында жүреміз. Дұрыс тамақтануға көңіл бөлмей келдім. Сол себепті сүт те көп шықпайтын», - дейді Амаль.

Газада қақтығыстан кейін су жүйесі толықтай жұмыс істемейтіндіктен, жас аналар бала емізуде қиындыққа тап болды.

«Мұнда жұрт күніне екі литрге жетер-жетпес су алады. Бұл тіпті, ішуге әрең жетеді», — дейді Ану Найаран.

Газада нәрестелерге арналған сүт қоспасы жеткіліксіз. Соғысқа дейін Израиль Газаға кіретін коммерциялық көліктердің санын шектеген, енді олардың қозғалысын толығымен тоқтатып тастады.

Бұл базарда да ешнәрсе қалмағанын білдіреді. БҰҰ сүт қоспаларын Газаға жіберген, бірақ гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктерінің кіруіне шектеу қойылды. Таза су тапшылығына байланысты UNICEF нәрестелерге арналған дайын сүт қоспасын жіберді. Бірақ үлкен партиялармен жеткізу де қиынға соғып тұр.

Амаль ата-анасының үйіне келгеннен кейін үш күннен соң жақын маңдағы басқа жерге көшуге мәжбүр болды. Сүт қоспасын табу оңай болған жоқ, бірақ дүкендерді аралап жүріп, әрең дегенде тапты.

Үш аптадан кейін оларға эвакуациялану туралы тапсырма берілді. Ал 2 желтоқсан күні өздері тұрған аймаққа түнде шабуыл жасалатыны хабарланды. Олар түнде, шабуыл басталардан екі сағат бұрын кетіп үлгерді.

«Өзімізбен бірге сүт қоспалары мен жөргекті ала алмадым. Себебі, олар ғимаратты жермен-жексен етті», - деп еске алды.

Туыстарының бір бөлігі Хан-Юнис аймағына бассауғалап қашты. Ал Амаль ол жақтың қауіпсіздігіне күмәнмен қарап, балаларымен бірге оңтүстіктегі Рафах қаласына кетті. Бірақ көп ұзамай бағытын Хан-Юниске қарай бұрады.

Ал Израиль бұл уақытта Хан-Юнис қаласына шабуыл жасап, мыңдаған адам ол жақтан да қашып жатты.

«Бұл дұрыс шешім болмады. Бұл жақ өте қауіпті», - дейді ол.

Айтуынша, өзіне қажетті заттарды бұл жақтан да таба алмаған. Жаңа туған нәрестесі қақтығыстың ортасында жүргендіктен аллергия пайда болған. Әдеттегі сүт тағамдарына аллергиясы бар, ал сүт қоспасынан жүрегі айнып, құсып тастайды. Амаль құрамында сүті жоқ қоспа тапқанмен, бағасы тым қымбат болған.

«Бауырларымды қирандылардың астынан балаларыма қажет заттар іздеуге жібердім. Олардың біреуі сол жерде оралмай қалуы мүмкін. Бірақ басқа амалымыз жоқ», - деп жазды Амаль BBC тілшісіне.

Бұл жоспар қауіпті еді. Айналасында қақтығыс жүріп жатыр. Амальдың бауырлары бірнеше күннен кейін ғана оралды. Өкінішке қарай, ешнәрсе таппады.

Амалы таусылған Амаль қанды қырғын жүріп жатқан Рафах қаласына баруға бел буады. Арада бірнеше күн өтеді.

«Балаларым аман-есен. Бірақ қатты үрейленіп жүрміз. Соңғы екі тәулікте күн-түні қақтығыс жүріп, айналамыз жарылып жатыр», - дейді ол.


Фотода: Үлкен ұлы – Нұх, соғыс уақыты

Жарылыс дауысынан Амальдың үлкен ұлы Нұх қатты қиналып жүр. Эпилепсиядан талып қалады. Ал қажетті дәрі-дәрмектері әлдеқашан таусылған.

Ішер асы да, суы да таусылуға шақ тұр. Амаль ішер суын дезинфекциялау үшін отқа қайнатып алады.

«Ішетін суымыз кір. Бірақ оны барынша тазарту үшін қолымнан келгеннің бәрін жасап жүрмін», - дейді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, соғыс басталғалы бері Газада тәулігіне шамамен 190 сәби өмірге келеді.


Фотода: Амаль мен Нұх, соғысқа дейін

Газа тұрғындарының бәрі аштық жағдайында өмір сүріп жатыр. Бұл әсіресе жаңа туған сәбилердің өміріне қиындық тудырып отыр.

«Балалар өте тез ауырып қалуы мүмкін. Бойларында май мен бұлшықеті аз, сол себепті тез ашығады. Бұл ұзақ мерзімді салдарға, соның ішінде физиологиялық және когнитивті бұзылуларға әкелуі мүмкін», — дейді UNICEF-тен Ану Наяран

Амаль енді баласына тамақ іздеп, дүкендерге бармайтын болды. Баласы Мұхамед те ет жинап қалған, бұрынғыдай тез қарны ашпайды. Өзі бассауғалап жүрген ауданда баласын емізетін тағы бір әйел адаммен келісіп, Мұхамедті тамақтандырып жүр. Оған ақысы ретінде балалар киімі мен аздаған ақша береді.

Қазір құмның үстіне лагерь құрып, тақтайлар мен резеңкелерден жасалған шатырларда тұрады. Қолдарына тисе, консервілер мен көмекке берілген ұннан нан жасап күнелтіп жүр. Ал отты отынмен жағады.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91