Ақ үй ғарышта Ресей тарапынан қауіп төнгенін растады

Кремль мұны «Ақ үйдің айла-амалы» деп отыр

Нұрдәулет Кәкіш
16/02/2024 - 15:01

Фото: ВВС

Фото: ВВС

Ақ үй америкалық заң шығарушылар бір күн бұрын дабыл қаққан ұлттық қауіпсіздік мәселесі Ресей тарапынан ғарыштағы спутниктерге қарсы қару жасауымен байланысты екенін растады. АҚШ президенті Джо Байден бұл мәселе бойынша Мәскеумен байланыс орнатуға бұйрық берді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

«Бұл Ресейдің спутникке қарсы әлеуетіне байланысты. Ресейдің бұл қадамы алаңдаушылық туғызса да, дәл қазір ешкімге тікелей қауіп төніп тұрған жоқ», - деді Ақ үйдің Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің стратегиялық коммуникациялар жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби брифингте.

Оның айтуынша, бұл жерде адамдарға немесе ғимараттарға шабуыл жасау үшін қолданылатын қару туралы сөз болып тұрған жоқ. Бірақ Вашингтон Ресейдің қызметін мұқият бақылап, әрекетіне өте байыпты қарайды.

Кирби бұл жағдайды халықаралық құқық пен шартты бұзу деп атады. Себебі ғарышқа қару-жарақ орналастыруға қатысты шартқа 130-дан астам ел, соның ішінде Ресей де қол қойған.

«Ол (АҚШ президенті Джо Байден) бірқатар алғашқы әрекетті, соның ішінде Конгресс жетекшілеріне арналған қосымша брифингтерді, Ресеймен, одақтастарымызбен және серіктестерімізбен, қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретін әлемдегі басқа да елдермен тікелей дипломатиялық байланыс орнатуды», - деп қосты Кирби.

Ол сондай-ақ Ақ үй Ресейдің қауіп-қатері туралы барлау мәліметтерін жариялауға жасыл жарық бермегенін айтты.

«Барлау қауымдастығында бұл барлауды кеңінен құпиясыздандыруға қатысты үлкен алаңдаушылық бар. Олар сондай-ақ барлауды дереу жариялаудан гөрі жеке қарым-қатынастан бастау әлдеқайда тиімді тәсіл болады деп санайды», - деді Кирби.

Сәрсенбіде Конгресс Өкілдер палатасының барлау комитетінің төрағасы, республикашыл Майк Тернер комитет Конгресс мүшелеріне АҚШ-тың «ұлттық қауіпсіздігіне елеулі қатер төнгені» туралы ақпарат бергенін айтты. Американдық БАҚ-тың дереккөздері бұл қауіп Ресейге және ядролық қаруды ғарышта орналастыруға байланысты екенін бірден хабарлады.

«Мен президент Байденнен осы қауіпке қатысты барлық ақпаратты құпиясыздандыруды сұраймын, осылайша Конгресс, әкімшілік және біздің одақтастар осы қауіпке жауап беру үшін қажетті әрекеттерді ашық талқылай алады», - деді Тернер.

Шенеуніктердің айтуынша, АҚШ пен оның одақтастарына әлі тікелей қауіп төніп тұрған жоқ.

Кейбір американдық басылымдар анонимді шенеуніктердің пікіріне сүйене отырып, Украинаға шұғыл көмек көрсетуді жақтаушы Тернер өкілдер палатасын осы көмекке миллиардтаған долларлық қаражат бөлу туралы заң қабылдауға шақырғанын хабарлаған болатын.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан бұл қауіп туралы түсініктеме беруден бас тартты. Бірақ ол Тернердің бейсенбіде Конгресс басшыларымен кездесуді жоспарлаған кезде мәлімдеме жасау туралы шешіміне таң қалғанын жеткізді.

Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков ғарыштағы Ресей қаруы туралы дау-дамайға қатысты пікір білдіре алмайтынын айтты.

«Мен бұған ешқандай түсініктеме бере алмаймын. Бірақ Ақ үй Конгрессті (Украинаға) ақша бөлу туралы заң жобасына дауыс беруге итермелеуге тырысатыны анық. Ақ үйдің қандай айла-амалды ойластыратынын көреміз», - деді Песков журналистерге.

Тегтер

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85