ХАМАС соғысты тоқтату туралы келісіміне жауап берді
Палестинаның ХАМАС ұйымы мен Израиль әскери күштері арасындағы қақтығыстың басталғанына тұп-тура төрт ай болды. Екі тарап ымыраға келіп, соғысты тоқтатуы мүмкін бе? Reuters агенттігінің мәліметінше, бірқатар елдің қатысуымен келіссөздер жүріп жатыр, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Агенттіктің хабарлауынша Палестинаның ХАМАС ұйымы Газа секторындағы атысты тоқтату туралы ұсынысқа жауап берді.
«Атысты, халқымызға қарсы агрессияны тоқтату, палестиналықтарға көмек көрсету, қалпына келтіру, Газаны қауіпсіз ету және тұтқындармен алмасу қажет», - делінген ХАМАС мәлімдемесінде.
Сол сияқты ХАМАС Израиль түрмелерінде отырған палестиналық тұтқындарды мүмкіндігінше көбірек босатып алуға тырысатынын айтты.
Өз кезегінде Израиль премьер-министрінің кеңсесі ХАМАС жауабының егжей-тегжейлі зерделеніп жатқанын хабарлады.
Таяу Шығысты аралап жүрген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ХАМАС-тың жауабын Израиль шенеуніктерімен талқылайтынын мәлімдеді. Алайда АҚШ президенті Джо Байден ХАМАС-тың жауабын жылы қабыл алған жоқ.
«Біз бұған сенімді емеспіз. Қазір келіссөздер жүріп жатыр», - деп қысқа қайырды ол Вашингтонда.
Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен алда әлі көп жұмыс бар екенін, бірақ келісімге қол жеткізу қажет деп есептейтінін айтты.
Euronews агенттігінің мәліметінше, осыған дейін Израильдің қорғаныс министрі қақтығыс қашан аяқталатынына болжам жасаған. Ол соғыс Газа секторының 2,3 млн тұрғынының жартысынан астамы пана іздеген және қазір барған сайын қиын жағдайда өмір сүріп жатқан Египет шекарасы маңындағы Рафах қаласында соңына жетеді деп мәлімдеген.
Өз кезегінде Египет Израиль әскерінің шекараға жақындауы екі елдің 40 жылдан астам уақыт бұрын қол қойған бейбіт келісіміне қауіп төндіретінін ескертті. Египет Рафах аймағындағы қақтығыстан Палестинаның бейбіт тұрғындары шекарадан өтіп кетуі мүмкін деген үрейін жасырмады. Сол себепті бұл жағдайдың алдын алу қажет деп мәлімдеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық бақылаушылары Израильдің эвакуация туралы бұйрығы Газаның үштен екісін қамтығанын, салдарынан күн сайын мыңдаған адам шекаралас аймақтарға бассауғалап қашып жатқанын хабарлады.
Сейсенбі күні Хан-Юнисте Израильдің әуе шабуылынан бүтін бір отбасы қаза болды. Олардың денелері Дейр әл-Балах қаласындағы Әл-Ақса ауруханасының мәйітханасына жеткізілді.
Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша 2023 жылдың 7 қазанынан бері жүріп жатқан соғыста қаза тапқан палестиналықтар саны 27 478-ге жетті. Құқық қорғау ұйымдары Израильді шамадан тыс күш қолданды деп айыптап отыр.