Губернатор VS Президент: Техас әскері шекараны өз иелігіне алды

Алайда көптеген штаттардың губернаторы Техасқа қолдау көрсетті

Нұрдәулет Кәкіш
31/01/2024 - 15:03

Фото: AP / Andrew Harnik

Фото: AP / Andrew Harnik

АҚШ президенті Джо Байден егер Конгресс оған өкілеттік беретін екі партиялы заң жобасын қабылдаса, шекараны жабуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі CBS-ке сілтеме жасап.

Бұл мәлімдеме Мексика мен Техас штаты шекарасындағы шиеленіс күшейгеннен кейін көп ұзамай жасалды. Желтоқсан айының соңында шекара арқылы келетін мигранттардың саны рекордтық көрсеткішке жетті, яғни күн сайын 10 000 адамға дейін өтіп отырған.

«Тым ұзақ уақыт бойы біз бәріміз шекараның бұзылғанын білдік. Мұны түзететін уақыт келді», - деді Байден.

Бір ай бұрын Техас губернаторы Грег Эбботт полицияға мигранттарды тұтқындауға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Алайда бұл заңды мойындамаған АҚШ Әділет министрлігі Техасты сотқа берді.

Сонымен қатар 2023 жылдың соңында федералды үкімет Мексикамен заңсыз иммигранттар ағынын азайту үшін келіссөздер жүргізді. Оған Мексика президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор АҚШ-тан Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдеріне 20 миллиард доллар бөлуді сұрады.

13 қаңтарда Техас билігі Федералды шекарашыларды қуып, Мексикамен шекараны бақылауға алды. Техас Ұлттық гвардиясы Игл Пас қалашығындағы шекара өткелі Шелби саябағында жаңа қоршаулар тұрғызды. Техастықтар Байден әкімшілігі заңсыз иммигранттармен күресіп жатқан жоқ деп мәлімдеп, жаңа қоршаулар тұрғызып, тікенді сым орнатты. Осылайша, қоршауларды алып тастамақ болған федералды шекарашыларға шекараға жақындауға тыйым салынды.

Техас губернаторы штаттың шекараны бақылауға толық құқығы бар екенін айтты. Байден әкімшілігі губернатордың әрекетін сынға алып, оны мәселені саясиландырғысы келді деп айыптады.

23 қаңтар күні АҚШ Жоғарғы Соты федералды үкіметтің жағына шығып, Техасқа Мексикамен шекараны қорғауға тыйым салды. Жоғарғы Сот Техастың Мексикамен шекарасы бойындағы тікенді сымды алып тастауға бұйрық беріп, Грег Эбботты билікті асыра пайдаланды деп айыптады. Сот бес дауыспен қанағаттандырылды. Төрт қарсылық танытты.

Байден әкімшілігі мәлімдегендей, қоршаулар федералды шекара агенттерінің Рио-Гранде өзенінен өтіп бара жатқанда заңсыз иммигранттарға жетуіне жол бермейді.

24 қаңтар күні Грег Эббот Конституцияға сәйкес, штат күштерімен шекараны қорғауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Эбботтың мәлімдемесіне сәйкес, 3 жыл ішінде Байден әкімшілігі 6 миллион мигрантты қабылдады. 33 штатта халық саны 6 миллионнан аз.

Оңтүстік шекарада Техас басқа штаттарға қарағанда ашық шекара саясатының салдарын сезінеді. Эббот штаттардың өз шекараларын егеменді түрде қорғауға конституциялық құқығына сілтеме жасай отырып, Техас құқық қорғау органдары федералды үкіметтің шешімдеріне қарсы әрекет етуді жалғастыратынын айтты. Конституциялық сот шешімінен кейін көп ұзамай 25 Республикалық губернатор Техастың шекараны қорғау құқығын қолдады. Бірлескен мәлімдемеде губернаторлар Техастағы әріптесі Грег Эбботты қолдап, Джо Байден әкімшілігінің әрекеттерін айыптады. Республикашылардың пікірінше, президент жүздеген мың заңсыз иммигранттарды депортациялаудан бас тартып, қолданыстағы көші-қон заңнамасын бұзады. Айта кету керек, қолдаушылардың арасында Флорида губернаторы Рон Десантис болды. Ол бұрын Дональд Трамптың пайдасына Республикалық партияның праймеризінен өз кандидатурасын алып тастаған.


Техасты қолдаған штаттар қызылмен боялған

Федералды үкіметпен келіспеушілік бойынша Грег Эбботты губернаторлардан кейін Дональд Трамп та қолдады. Ол егер президент болып қайта сайланған жағдайда мигранттарды депортациялау бойынша ең үлкен науқанды бастауға уәде берді.

27 қаңтар күні Оклахома губернаторы Кевин Ститт қажет болған жағдайда Ұлттық гвардияны Техасқа жіберуге дайын екенін мәлімдеді. Ұлттық гвардия күштері шекараны қорғау үшін 2023 жылдың мамырында да Техасқа жіберілген.

29 қаңтар күні жиырмадан аса бас прокурор Байден мен Ішкі істер министріне жолданған Техас штатының шекарасын қорғау үшін күресін қолдайтын хатқа қол қойды.

«Губернатор Эбботтың біздің шекарамыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігері және Бас прокурор Пакстон бұл күш-жігерді қорғау жөніндегі жұмысқа қарсы болмай, қолдау көрсетуі керек. Біз заң жағындағы ұлтпыз. Шекарасыз тез арада ұлт болуды тоқтатар едік», - делінген хатта.

Айова, Юта, Алабама, Аляска, Арканзас, Флорида, Джорджия, Айдахо, Индиана, Канзас, Кентукки, Луизиана, Миссисипи, Миссури, Монтана, Небраска, Нью-Гэмпшир, Солтүстік Дакота, Оклахома, Огайо, Оңтүстік Каролина, Оңтүстік Дакота, Теннесси, Вирджиния, Батыс Вирджиния және Вайоминг штаттарының 26 Бас прокуроры бұл хатқа қол қойды. Аризона штатының заң шығарушы органының басшылығы да хатқа қол қойды.

Данияр Ищанов

Тегтер

×

Редакция

$ 478.96  533.03  5.22