Шағын автобус жүргізушісі жүк көлігіне жоғары жылдамдықпен соқтығысқан
ҚР Сыртқы істер министрлігі Түркияда жол көлік оқиғасынан зардап шеккен қазақстандық туристердің жағдайы туралы мәлімдеді, деп хабалайды Sarbaz.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
30 шілдеде таңертең Аланияда Қазақстанның 12 азаматын тасымалдаған шағын автобустың қатысуымен жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан көлік жүргізушісі мен гид (Украина азаматы) оқиға орнында қаза тапқан.
«Түрік полициясынан алынған алдын ала мәліметтер бойынша, автобус жүргізушісі жүк көлігіне жоғары жылдамдықпен соқтығысқан. Соқтығысу салдарынан зардап шеккендер бар, олар шұғыл түрде жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді», - деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Азаматтарымыздың жай-күйін анықтау үшін қазақстандық консул дереу Аланиядағы медицина мекемелеріне барып, зардап шеккен қазақстандықтармен кездесті.
«Микроавтобуста болған 12 қазақстандықтың екеуі ауырлығы бойынша орташа жарақат алған. Оларға ота жасалып, барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Қалған 10 отандастың, оның ішінде 4 баланың жағдайы қанағаттанарлық, өміріне еш қауіп жоқ. Барлығының медициналық сақтандыруы бар. Анталиядағы қазақстандық дипломаттар біздің азаматтармен тұрақты байланыста және тиісті жұмыс жүргізуде», - дейді Сыртқы істер министрлігі.