Сирия жеріндегі 300-ден астам тарихи нысанға үлкен зиян келген
Жуырда Сирия дағдарысы бойынша «Астана процесінің» 21-ші Халықаралық отырысы өткен болатын. Отырыстан кейін Таяу Шығыс аймағындағы қақтығыс туралы сарапшы Ақмарал Баталова Сирия елінің тағдырына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Сарапшы сөз басында аймақтағы жанжалды шешу мәселесін жылдамдату үшін белгілі бір кезеңдерден өту қажет екенін атап өтті. Сол сияқты ол соғыстың күрделі кезеңі тоқтағаннан кейін айтарлықтай прогреске қол жеткізілгенін атап өтті. Дегенмен әскери базаларға әлі де шабуыл жасалып жатады. Ал террористік шабуылдар Сирия халқына қашанда үлкен қауіп болып қала береді.
Сирия үкіметі терроризм ұяшықтарымен белсенді күресуде. Елдің дағдарыстан өтуі үшін соғыстан кейінгі қалпына келтіру, әсіресе минадан тазарту, медициналық көмек және дүниежүзілік маңызы бар тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс тұр. Сарапшы өз сөзінде Сирия жеріндегі 300-ден астам тарихи нысанға үлкен зиян келген. Оларды қалпына келтіру үлкен еңбекті қажет етеді.
Ақмарал Баталова өз сөзінде Түркия өзінің қауіпсіздігіне қатысты күрд мәселесін шешуге тырысып жатқанын, ал ол үшін Сирия үкіметінің бақылауындағы Солтүстік Алеппода әскери операциялар жүргізуіне рұқсат қажет екенін айтып өтті. Сол сияқты Сирияда күрд автономиясын құру мәселесі туралы ойын да жеткізді.
«Менің ойымша, Сирия аумағында күрд автономиясын құру мүмкін емес. Кім өз жерін біреуге бергісі келеді?! Әсіресе Сирияда. Аймақтағы бірде-бір ел мұндай жағдайға келіспейді. Өкініштісі, күрдтер Сирияның мұнайға және астыққа бай аймақтарын басып алды. Онда заңсыз жолмен өндірілген мұнай Ирак арқылы Еуропаға сатылып жатыр», - дейді сарапшы.
Сарапшының пікірінше, америкалықтар күрдтерді мұнай сатып алу үшін пайдаланады. Ал күрдтер бұл мұнайды бензин таситын көліктерге құйып, Иракқа жібереді. Ол жақта Иракта өндірілген мұнаймен араластырады. Осылайша, санкция салынған сириялық мұнай Еуропа мен Израильге сатылады.
Ал Астанадағы келіссөздердің қорытындысы бойынша, сарапшы Ресей Алеппо қаласының мәселесін шешуге қызығушылық танытып отырғанын айтты. Айта кетерлігі, террорлық топтар қаруларын беруден бас тартқаннан кейін Алеппоға көшірген болатын. Бұл аймақта үстемдік құрып отырған негізгі топ – Хайат Тахрир аш-Шам.
Баталованың пікірінше, Түркияның аталмыш өңірде буферлік аймақты құрудағы басты міндеті – босқындарды сол жерге көшіру. Түркия терроризмге қарсы операциялар жүргізу үшін Сирия аумағына 15 шақырымға дейін кіруге құқылы. Дегенмен Түркия тарапы Сирия жеріне 30 км-ге дейін ену бойынша рұқсат алуға тырысып жатыр.
«Менің ойымша, олар 15 шақырыммен тоқталады деп ойлаймын. Себебі Түркия дәл осы маңайға босқындарды көшіру үшін буферлік аймақ құрып жатыр. Мұнда қазірдің өзінде үйлер, мектептер салып, халықты түріктендіруде», – дейді Баталова.
Сарапшы Түркияның Сирия жеріне кіргеніне қарамастан, екі тарап дипломатиялық келісімге келе алады деп санайды.
«Менің ойымша, тіпті Ердоған кетіп қалғанның өзінде көбісі босқындардан шаршады, Сирия соғысынан жалықты. Олар Сириядағы бейбітшілікті қолдайды», – деп Ақмарал Баталова ойын қорытындылады.
Айта кетейік, Сирия мәселесі бойынша Астанада өткен отырыста маңызды мәселелер талқыланды.