Алтын ұшақ: Украина Ресейдің қымбат ұшақтарын жойып жіберді

А-50 ұшағының құны 300 миллион доллардан асады

Ануар Маратов
16/01/2024 - 23:12

А-50 ұшағы. Фото: ТАСС

А-50 ұшағы. Фото: ТАСС

15 қаңтар күні таңертең РБК-Украина басылымы Украина қарулы күштерінің Ресейдің А-50 және Ил-22М11 ұшақтарын жойып жібергенін мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

РБК-Украина хабарламасы бойынша, А-50 сағат 21:15-те атып құлатылды, ал Ил-22М11 Азов теңізінің жағалауында ұшу кезінде сағат 21:00 шамасында зақымдалды. Басылымның жариялаған радиожазбасына сәйкес, Ил-22М11 экипажы соққыдан кейін Анападағы аэродромға шұғыл қонуды сұрады.

Украина Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Валерий Залужный хабарлағандай, ұшақтарды Украинаның әуе қорғанысы жойып жіберді.

Украина әуе күштерінің басшысы Николай Олещук Telegram арнасында «Бұл сендерге Днепр үшін» деп жазды. Жуырда Днепр қаласындағы көпқабатты үйге Ресейдің соққысынан 46 бейбіт тұрғын қаза тапқан болатын. Көп ұзамай Украина Қарулы күштерінің өкілі Юрий Игнат Ил-22 аэродромға қона алғанын растады.

Ресейлік әскери блогер Кирилл Фёдоров Ил-22М жерге қонып үлгерді деп жазды және өз жазбасын «Әуе қорғанысы… сөз жоқ» деген сөзімен толықтырды. Helicopterpilot арнасы, Ил-22 экипажында жарақат алғандар бар екенін мәлімдеді. 

Fighterbomber арнасы бұл оқиғаны трагедия және ресейлік әуе қорғанысының кінәсі деп атады. 

Кейінірек, Fighterbomber зақымдалған Ил-22М фотосуретін жариялады. 


Фото: t.me/fighter_bomber

А-50 ұшағы – Ил-76 көлік ұшағының негізінде жасалған радиолокациялық анықтау және басқару ұшағы. А-50 – америкалық AWACS ұшақтарының аналогы, ол 600 км-ге дейінгі қашықтықта бір уақытта бірнеше жүз әуе нысанын анықтауға, сүйемелдеуге және нысанаға алуға қабілетті. Құны 300 миллион АҚШ доллардан асады. Ресей қаруында осындай ұшақтардың тек 3 данасы және 7 жетілдірілген А-50У ұшағы бар. Бұл ұшақтар Ресей әскері үшін маңызды. Осындай ұшықтың тіпті бір данасының жойылуы Ресейге қатты шығын келтіреді.

Ил-22М11 – А-50-ден де сирек кездесетін ұшақ нұсқасы, ол әуе басқару пунктінің рөлін атқарады. Украинамен соғыс басталғанға дейін Ресей әскери-әуе күштері қаруында Ил-22 түрлі модификациялардың тек 12 данасы, соның ішінде бес Ил-22М11 болды.


Ил-22М11. Фото: sdelanounas.ru

А-50 ұшағының жойылуы орны толмас шығын екенін атап өткен жөн, өйткені бұл ұшақ КСРО құлдыраған уақыттан бері жасалған емес.

Тегтер

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85