АҚШ дыбыстан жылдам Х-59 ұшағын жасап шығарды

Админ
14/01/2024 - 15:29

АҚШ-тың ғарыш кеңістігін зерттеу және аэронавтика ұлттық басқармасы (NASA) мен америкалық Lockheed Martin әскери-өндірістік корпорациясы дыбыстан да жылдам Х-59 эксперименттік ұшағын таныстырды, деп хабарлайды Sarbaz.kz ТАСС сайтына сілтеме жасап. 

Палмдейлдегі (Калифорния штаты) Lockheed Martin зауытында өткен салтанатты іс-шара NASA сайтында трансляцияланды.

Ведомство сөзінше, Quesst бағдарламасы аясында жасалған «тыныш әрі дыбыстан жылдам ұшақтың» негізгі ерекшелігі – ол дыбыстан жылдам қозғалатынына қарамастан ұшқанда тарс еткен дауыс шықпайды.

NASA пікірінше, жаңа ұшақты сынақтан өткізу болашақта АҚШ-та және басқа елдерде 50 жыл бұрын енгізілген, әлі де қолданыстағы коммерциялық дыбыстан жоғары авиацияның құрлықта ұшуына салынған тыйымды жоюға мүмкіндік береді.

Ұшақты жасаушылар Х-59 прототип емес, эсперименттік ұшақ екенін атап өтті. Ұзындығы – 30 м және қанаты 9 метрге жететін ұшақ сағатына 1488 шақырым жылдамдықпен қозағала алады. Бұл – дыбыс жылдамдығынан жоғары.

«Бар болғаны бірнеше жыл ішінде идеяны жүзеге асыру қолымыздан келді. NASA-ның Х-59 әуе кемесі саяхатымызды өзгертіп, қашықтықты тезірек еңсеруге көмектеседі», - деп мәлім етті ұшақ таныстырылымында ғарыш ведомствосы басшысының орынбасары Памела Мелрой.

NASA жақын арада жүйені тестілеуден өткізіп, ұшақ қозғалтқыштарын автономды режимде іске қосуды жоспарлап отыр.

2024 жылы Х-59 дыбыс жылдамдығынан төмен жылдамдықпен алғаш сынақ ретінде ұшырылады деп жоспарланған.

Тегтер

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85