Хуситтер деген кімдер?
Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс өткен жылдың 7 қазанынан бері басталғаннан кейін Қызыл теңізде хуситтердің шабуылы да үдей түсті. Хуситтер Израильге бет алған кез келген кемеге шабуыл жасайтынын хабарлаған. Дегенмен хуситтер тарапынан шабуылға ұшыраған кемелердің шын мәнінде қайда бет алғаны белгісіз. Ірі жүк тасымалдау компаниялары, соның ішінде BP мұнай компаниясы кемелерін Қызыл теңізден әкетіп жатқанын айтты. Осы себепті АҚШ пен Ұлыбритания өткен түнде аймақтағы нысандарға әуе соққыларын жасайды. Sarbaz.kz хуситтер тобының пайда болуы, оларға кім демеушілік көрсететіні және мақсаты туралы шолу жасап шықты.
Хуситтер – Йемен аумағында құрылған, сондай-ақ «Аңсар Алла» (Алланың жақтастары) деп аталатын зейдит шиіттерінің әскерилендірілген тобы. Олар өз атын қозғалыстың негізін қалаушы Хусейн әл-Хусиден алды.
Топ 1990 жылдары сол кездегі президент Али Абдалла Салехтің бастауымен сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін құрылған. Президент Али Абдалла Салех Сауд Арабиясы Қарулы Күштерінің қолдауымен 2003 жылы хусит көтерілісшілерін жоюға тырысқан, бірақ хуситтер екеуіне де тойтарыс берді. Топ ақырындап елдің оңтүстік аумағын бақылауға алды. Хуситтер 2011 жылғы Йемен революциясына қатысып, нәтижесінде президент Али Абдалла Салех отставкаға кетті.
Фото: Khaled Abdullah / Reuters
Йеменнің ресми үкіметі Президенттік Басшылық кеңесі болып саналады. Йемен президенті Абд Раббу Мансур Хади 2015 жылы хуситтер көтерілісі кезінде Сауд Арабиясына қашып кеткен. Осылайша, Йемен үкіметі Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта орналасты. Йемен үкіметі 2016 жылдың соңында елдің оңтүстігіндегі Аден қаласына оралды, өйткені астанасы Сана әлі де көтерілісшілердің бақылауында еді.
Йемен халқының басым бөлігі хуситтер бақылауындағы аймақтарда тұрады. Ел астанасы Сана мен Йеменнің солтүстігінен бөлек хуситтер Қызыл теңіз жағалауын да бақылауда ұстайды. Бұл топ салық жинайды, сол сияқты ақша басып шығарады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі 2010 жылға қарай хуситтердің қарулы сарбаздар мен қарусыз жақтаушылардан тұратын 100 000-нан 120 000-ға дейін ізбасары болғанын хабарлаған. Йемен халқының жалпы саны ол кезде шамамен 25 миллион болатын. Хуситтер өз діндерін Йемен халқының көпшілігі мен елдің саяси элитасы ұстанатын сунниизмнен, сондай-ақ шетелден таралатын салафизмнің ықпалынан қорғайды.
Хуситтерге Иран және оның ливандық Хезболла партиясы секілді одақтастары жасырын түрде әскери және қаржылық қолдау көрсетеді деген болжам бар.
АҚШ пен Сауд Арабиясы 2017 жылы хуситтер ел астанасы Эр-Риядқа атқылаған баллистикалық зымырандарды Иранның жеткізгенін, бірақ олар атып түсірілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ Сауд Арабиясы Иранды 2019 жылы да айыптаған. Ол кезде хуситтер Сауд Арабиясының мұнай нысандарына шабуыл жасау үшін пайдаланған қанатты зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтарды жеткізген деп айыптады. Сол кезде хуситтер Сауд Арабиясын 10 мың қысқа қашықтықтағы зымыранмен атқылады әрі БАӘ-дегі нысандарға да шабуыл жасады. Газадағы соғыс басталғаннан бері олар Израильге қарата баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтарды да ұшырды. Бұл ретт Иран айыптауларды жоққа шығарды.
Sarbaz.kz осыған дейін АҚШ пен Ұлыбритания Йеменде әскери операция жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын. Өз кезегінде Йеменнің СІМ қызметкері қарсы соққы болатынын мәлім етті.
Наргиз Мукатаева