БҰҰ оқиғаға қатысты хабарлама таратқан жоқ
«Аш-Шабаб» ұйымы БҰҰ-ның Сомалидегі тікұшағына шабуыл жасады, бір адамды өлтіріп, алтауын кепілге алды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Галмудугтың Хиндире елді мекенінде болған. Белгілі болғандай, тікұшақ мәжбүрлі түрде қоныпты. Түрлі мәліметтер бойынша, бортта сегіз-тоғыз адам болған, оның ішінде сомалиліктер мен шетелдіктер бар.
«Аш-Шабаб» ұйымы мысырлық дәрігерді өлтірді. Борттағы тоғыз адамның арасында екі кениялық дәрігер, Уганда сарбазы, Сомали офицері бар. Бұл Сомали әскерінің есебінде айтылған.
Бұған дейін The Washington Post газеті Могадишодағы дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Аш-Шабаб содырлары тікұшақты өртеп, экипаж мүшелерін кепілге алғанын хабарлады. Ал БҰҰ оқиғаға қатысты хабарлама таратқан жоқ.
БҰҰ тікұшақтары Сомалидегі Африка одағының бітімгершілеріне қолдау көрсетеді, олар үкімет армиясына «Аш-Шабабпен» күресуге көмектеседі.