Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяны толығымен жойып жіберуге дайын отыр

Оңтүстік Корея КХДР-мен шекара маңында АҚШ әскери күштерімен бірлескен жаттығулар өткізген

Sarbaz.kz редакторы
10/01/2024 - 18:57

Фото: Орталық телеграф агенттігі

Фото: Орталық телеграф агенттігі

КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын қорғаныс зауытын кезекті рет аралау барысында Оңтүстік Корея әскери күш қолданса, ел армиясы кез-келген уақытта дереу жауап беруге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Sarbaz.kz Солтүстік Кореяның Орталық телеграф агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ол өз мәлімдемесінде Оңтүстік Корея 80 жыл бойы Солтүстік Корея режимі мен жүйесін құлатуға бағытталған қарсыласу саясатын ұстанғанын, осылайша дұшпан мемлекетке айналғанын атап өтті.

«КХДР шындыққа тікелей қарауы және тиісті түрде әрекет етуі керек. Елдің басты басымдығы қорғаныс күштерін нығайтуға арналуы тиіс. Біз Оңтүстік Кореяның елімізге қарсы күш қолдануына немесе егемендігіміз бен қауіпсіздігімізге қауіп төндіруіне жол бермейміз», - деді Ким Чен Ын.

Ким Чен Ын өз сөзінде Оңтүстік Корея әлі де күш қолданғысы келсе, барлық ресурсты жұмылдыруға және өзінің оңтүстіктегі көршісін жойып жіберуге дайын екенін мәлімдеді.

Ол бұған дейін армияны арандатушылық жағдайында Оңтүстік Корея мен АҚШ-қа қарсы соққы беруге дайын болуға шақырды.

Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айының соңында Оңтүстік Корея КХДР-мен шекара маңында АҚШ әскери күштерімен бірлескен жаттығулар өткізген. Ол бір аптаға созылып, 4 қаңтарда аяқталды. КХДР тарапы екі елдің бұл әрекетін сынға алып, ядролық қақтығысқа себеп болуы мүмкін деп қатаң айыптады.

КХДР да қарап қалмады, АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен жаттығуы аяқталған күннің ертеңінде, яғни 5 қаңтарда Оңтүстік Кореяның батыс жағалауындағы суға бағыттап 200-ге жуық артиллериялық снарядын жіберді.

Тегтер

×

Редакция

$ 490.84  536.88  5.04