«Путин сіздерді ЕО, НАТО, Бостандық және демократиямен қосып жеп қояды» – Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский Economist журналына сұхбат берді

Ануар Маратов
03/01/2024 - 21:58

Фото: ВВС

Фото: ВВС

Украина президенті Владимир Зеленский Economist журналына берген сұхбатында Батыс жұртшылығына соғысты аяқтаудың аулы алыс екенін, босаңсуға әлі де ерте екенін, Украинаны қолдау арқылы Еуропа өз-өзін қорғайтынын жеткізуге тырысты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап.

Оның пікірінше, Батыста Украинада болып жатқан оқиғалардың маңыздылығы азайды, бірақ оның Ресейді жеңуден басқа жолы жоқ.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей басып кіргеннен кейін Зеленский жарты минуттық бейнеролик түсіріп, онда ол жай ғана:

«Біз осындамыз!» деген болатын.

Қаншама жарылыстың жалғасуына қарамастан, ол әлі күнге дейін Киевтегі үкіметтік кешенінен кетпеген.

Алайда Economist журналының жазуынша, соғыс басталған екі жылға жуық уақыт өткен соң әлем оның сөздеріне құлақ аспай отыр, Зеленскийдің өзі де оқиғалардың барысын аса шеберлікпен басқара алып отырған жоқ.

«Украинада шаршаңқылық пайда болды. Батыс «Ресей президенті Владимир Путин жеңіске жете бастады ма, жоқ па?» деген сыңайдағы тырнақшадағы тақырыптармен жаза бастады. Украиндықтарға көмек Америка мен Еуропадағы саяси сауданың тақырыбына айналды», - деп атап өтті Economist.

Зеленский Батыстың шұғыл әрекет ету қажеттілігін жоғалтқанын айтады.

«Мүмкін біз [2023 жылы] әлем қалағандай, жетістікке жете алмадық. Мүмкін, бәрі біреу ойлағандай, тез бола бермейді», - деді ол.

Оның айтуынша, Ресей армиясы үлкен шығынға ұшырайды. Британдық барлаудың бағалауы осы мәлімдемеге сәйкес келіп отыр. Егер жағдай түбегейлі өзгермесе, 2025 жылға қарай Ресей 500 000-нан аса адамынан айырылады.

«Қаза болған мыңдаған ресейлік сарбаздар, олардың мәйіттерін ешкім де алмаған», - деді Зеленский.

Сонымен қатар ол 2023 жылы Ресей Украинаның бірде-бір ірі қаласын ала алмағанын атап өтті. Украина Ресейдің Қара теңіз блокадасын бұзып, қазір елдің оңтүстік жағалауындағы жаңа маршрут бойынша миллиондаған тонна астық тасымалдап жатқанын тілге тиек етті. Мұны ол:

«Үлкен нәтиже!» - деді.

Бірақ Зеленский Ресейдің әскери күш-қуаты күшейіп, Украинаның ресурстары азайып бара жатқанда Америка мен көптеген Еуропа елдерінің назары сайлау жылы ішкі саясатқа ойысқанын айтты.

«Украинаны қолдай отырып, Еуропа өзін орыс агрессиясынан қорғайды. Бізге ақша беру немесе қару беру арқылы сіз өзіңізді қолдайсыз. Сіз біздің емес, өз балаларыңызды құтқарасыз. Егер Ресей украиндықтардың құқықтарын бұзса, ол бүкіл әлемнің құқықтарын бұзады. Путин әлсіздікті жануар сияқты сезінеді, өйткені ол – жануардың нақ өзі. Ол қанды, өз күшін сезінеді. Ол сізді ЕО, НАТО, Бостандық және демократияның барлығын бірақ жеп қояды», - деді Зеленский.

Сондай-ақ Зеленский Америка үкіметінен Украинаға артиллериялық жүйелер мен зымырандардан бастап әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарына дейін қару-жарақ өндіруге лицензия беруді сұрады.

Зеленский Украинаның Ресейді жеңу жоспарынан бас тарта алмайтынына әлі де сенімді.

«Бүгінгі таңда Украина үшін ең маңызды мамандық – Украинада болу, ал біздің Батыс серіктестеріміз үшін Украинамен бірге болу. Егер сіздің күшіңіз сарқылса, әрірек тұрыңыз. Біз шегінбейміз», - дейді Украина президенті.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91