Әскерилер қауіпсіздік пен басқарудың нашарлауына байланысты қарсы шыққан
Нигер Республикасының ұлттық телевизиясының эфирінде әскерилер ел президенті Мұхаммед Базумды биліктен тайдырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Al Jazeera-ға сілтеме жасап.
«Елдің шекарасы жабық. Бүкіл елде коменданттық сағат жарияланды», - делінген полковник Амаду Абдраманның телеарнадағы мәлімдемесінде.
Оның айтуынша, әскерилер Базумға қауіпсіздік пен басқарудың нашарлауына байланысты қарсы шыққан. Абдрамане сонымен қатар шет мемлекеттерді Нигердің ішкі саясатына араласпауға шақырды.
CNN телеарнасы да Мұхаммед Базумды президенттік гвардияның басып алғанын хабарлады. Осыған байланысты ел астанасында наразылық ереуілі басталып, аймақтық билік органдарының мемлекеттік төңкеріс туралы ескертулері жолданды.
Сондай-ақ телеарна Нигер ішкі істер министрі Хамаду Сулейді жергілікті уақыт бойынша сәрсенбі күні таңертең президент гвардиясының тұтқындағанын, оның Базуммен бірге Ниамей қаласындағы президент сарайында қамауда отырғанын хабарлады.
Кейінірек жүздеген наразылық білдіруші топ Базумды қолдау үшін Нигер астанасы Ниамейге жиналды.