Прагадағы Карлов университетінде студент 14 адамды атып өлтірді

Атыс ұйымдастырған студент те қаза тапты

Ануар Маратов
22/12/2023 - 15:42

Фото: AFP 2023 / MICHAL CIZEK

Фото: AFP 2023 / MICHAL CIZEK

Чехияның Прага қаласындағы Карлов университетінде атыс болып, 14 адам көз жұмды, сол сияқты шабуыл жасаған студент те қаза болды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

«Атыс салдарынан 25 адам жараланды. Олардың кем дегенде тоғызы ауыр жарақат алды, бесеуі – орташа және 10-ға жуық адам жеңіл жарақат алды», - деп мәлім етті Чехияның төтенше жағдайлар қызметі.

Ал Чехия полициясы Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде шабуыл жасаған адамның көзі жойылды деп жазды. Полиция оның Карлов университетіне шабуыл жасардан бірнеше сағат бұрын өз әкесін атып өлтірді деген болжам барын айтты.

Өз кезегінде Прага мэрі Богуслав Свобода сұхбат барысында атыс ұйымдастырған адамның оқиға барысында бір жерге секіріп, опат болғанын айтты. Дегенмен күдіктінің қалай қаза болғаны әзірге белгісіз.

Чехия полициясының басшысы Мартин Вондрачек оның суицид жасауы мүмкін екенін айтты. Полиция атыс жасаған адам аталмыш оқу орнының студенті екенін және оның денесі ЖОО жанынан табылғанын растады.

Күдікті 24 жаста және Прагадан 21 км қашықта орналасқан қалада тұрды.

Оның мұндай әрекетке неліктен барғаны әзірге белгісіз. Бірақ полиция оны халықаралық терроризмге қатысы бар деп санамайды.

«Бұл қылмыстың халықаралық терроризммен байланысы бар екендігі туралы ешқандай дәлел жоқ», - деді Чехияның ішкі істер министрі Вит Ракусан.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91