Иранда биыл 18 әйел өлім жазасына кесілді
Иранда күйеуін өлтіргені үшін өлім жазасына кесіліп, он жыл түрмеде отырған «бала-қалыңдық» деп аталатын 29 жастағы Самира Сабзиан дарға асылды. Ол осы жылы Иран билігі өлім жазасына кескен он сегізінші әйел болды, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап.
Өлім жазасы Тегеран Карадже маңында, елдегі ең ірі түрмелердің бірі «Гезель Хесар» түрмесінде өтті, деп хабарлады Норвегияда орналасқан Иран құқық қорғау ұйымы (IHR).
Иран баспасөзі бұл туралы жарияламады. Билік те ресми түрде растамады.
Самира 15 жасында тұрмыс құрған. Оның туыстарының айтуынша, Самира жиі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.
19 жасында ол күйеуін өлтірді деген айыппен қамауға алынған. Сот оған бірден өлім жазасын кескен. Бірақ жазаның орындалуы кейбір бюрократиялық себепке байланысты кейінге қалдырылған.
Тұтқындау кезінде оның екі баласы болған. Олардың бірі анасы сотталғанда сәби күйінде қалған. Оларды көруге он жыл ішінде анасына бір-ақ рет рұқсат етілген. Өлім жазасына дейін, желтоқсанның басында он жыл ішінде Самира балаларымен алғашқы әрі соңғы рет көріскен.
«Самира жылдар бойы гендерлік апартеидтің, балалық шақтағы некенің және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды. Жемқор әрі кісі өлтіру машинасына айналған режимнің құрбаны болды», - деді IHR басшысы Махмуд-Амири Могаддам.
Amnesty International құқық қорғау ұйымы және бірқатар елдердің үкіметтері, соның ішінде Ұлыбритания Иран билігімен келіссөздер жүргізу арқылы жас әйелдің өмірін сақтау үшін көптеген жылдар бойы талпынған.
«Самира балалар некесінің құрбаны болды. Иран әйелдер мен қыздарға дөрекі қарауды тоқтатуы керек», - деп жазды Х әлеуметтік желісінде Ұлыбритания СІМ басшысының орынбасары Тарик Ахмад.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, соңғы уақытта Иранда өлім жазасы айтарлықтай өсті. Тек биылғы қарашаның өзінде 115 адам өлім жазасына кесілген.
Amnesty International мұны «санкцияланған мемлекеттің сериялық кісі өлтіруі» деп атап, Тегеранды мұндай бассыздықты тоқтатуға шақырды.
Ослодағы Иран құқық қорғау ұйымы халықаралық қауымдастықты Иранға қатысты елеулі шаралар қабылдауға шақырады.
«Бұл режим тек кісі өлтіру мен қорқыныш атмосферасынан тұрады. Әли Хаменеи және Ислам Республикасының басқа басшылары өз істері үшін жауап беруі керек», - деді Махмуд-Амири Могаддам.
Самира Сабзиан 2023 жылы өлім жазасына кесілген 18-әйел болды. Бұл қорқынышты статистика екенін айтады құқық қорғаушылар.
IHR мәліметтері бойынша, 2010-2021 жылдар аралығындағы 11 жыл ішінде Иранда 164 әйел өлім жазасына кесілген.
Ұйым бұл тек белгілі жағдайлар екенін, нақты көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Ирандық әйелдердің 66% күйеулерін өлтірді деп айыпталады. Иран заңдары бойынша, әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болса да, ешқандай жағдайда ажыраса алмайды. Иранның әйелдерге қатысты құқықтық жүйесінде қылмысқа әкелген жағдайлар да ескерілмейді. Әйелдер үшін бірыңғай тұжырымдама қарастырылған. Олар жазаланады. Өлім жазасына кесілген әйелдер көбінесе ата-аналарының қолдауынан айырылады. Халықаралық ұйымдардың мәліметі бойынша, Иран мен Қытай өлім жазасын әлемдегі кез келген басқа елге қарағанда көбірек жүргізуде», - деп хабарлады ВВС.