Венгрия Еуропа Одағының Украинаға экономикалық көмек беруіне қарсы болды

Еуропалық Одақ саммитінің бірінші күнінде ЕО елдерінің басшылары Украинаның ЕО-ға кіруі туралы келіссөздерді ресми түрде бастауға шешім қабылдады

Нұрдәулет Кәкіш
15/12/2023 - 20:29

Фото: Reuters

Фото: Reuters

Венгрия Еуропалық Одақ саммитінде Украинаға 50 миллиард еуро көлемінде экономикалық көмек бөлу туралы шешімге тосқауыл қойды, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап.

Еуропалық Кеңестің төрағасы Чарльз Мишель ЕО елдерінің басшылары Украинаға көмек көрсетуді Еуропалық Одақтың бюджеттік жоспарына енгізу туралы келісе алмағанын растады.

Мишельдің айтуынша, бұған бір ел қарсы болған. Алайда ол қай ел екенін атаған жоқ. Бірақ оның Венгрия екендігі қазір ешкімге құпия емес.

Мишель ЕО елдерінің басшылары бұл мәселеге келесі жылдың басында қайта оралатынын айтты.

«Мен егжей-тегжейлі айтқым келмейді. Өйткені мен алдағы күндері келесі жылдың басында өтетін саммитті дайындау үшін әріптестеріммен жұмыс істеуім керек», - деп келтірді AFP агенттігі Еуропалық Кеңес төрағасының сөзін.

Бұл туралы Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан да Х әлеуметтік желісінде пост жазды.

«Біз келесі жылы Еуропалық кеңесте бұл мәселеге қайта ораламыз. Сол кезде дұрыстап дайындаламыз», - деп жазды ол.

Ал Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте журналистерге:

«Мен Венгриямен бірге келесі жылдың басында серпіліс жасай алатынымызға мұқият қараймын», - деді.

54 млрд еуролық экономикалық көмектен басқа, Еуропа Одағы Украинаға 24 млрд еуро әскери көмек көрсетуді көздеп отыр. Саммитте еуропалық көшбасшылар осы соңғы сомаға қатысты шешімнің қалай болатынын әлі хабарлаған жоқ.

Бейсенбіде Еуропалық Одақ саммитінің бірінші күнінде ЕО елдерінің басшылары Украинаның (сондай-ақ Молдованың) ЕО-ға кіруі туралы келіссөздерді ресми түрде бастауға шешім қабылдады. Орбан бастаған Венгрия бұған кедергі бола алмады. Дегенмен Венгрия премьер-министрі Украина келіссөздерді бастауға дайын емес екенін айтумен болды.

Украинамен ұзақ уақыттан бері араздасып келе жатқан Орбан мен оның үкіметінің мүшелері Ресейге қарсы санкцияларға үнемі қарсы тұрып, РФ Украинаға шабуыл жасағаннан кейін украиналықтарға әскери көмек берудің пайдасы жоқ екенін айтқан.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91